Алматылық ақсақалдар «Мизам» базарының орнына мектеп салуды ұсынып отыр

Алматылық ақсақалдар «Мизам» базарының орнына мектеп салуды ұсынып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы Алатау ауданының ақсақалдары «Мизам» базарының орнына мектеп салуды ұсынып отыр. Себебі, ауданда білім ошағы жетіспейді. Бекітілген жобаға қайшы, контейнерлерден тұрғызылған сауда орнына бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев және қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері арнайы барды. Айта кетейік, «Мизам» базарының жетекшілері сауда орындарын модернизациялау жоспарына қайшы әрекет етіп, талаптарды орындамаған.  

Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы «Мизам» базарында анықталған заңбұзушылықтарды 29 қарашаға дейін жоюды тапсырды. Әйтпегенде, қалалық жер қатынастары басқармасы қысқа мерзімді келісімшартты бұзуға байланысты сотқа арыз жолдамақ. Алматы қаласы әкімінің орынбасары және қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері рұқсат құжатынсыз тұрғызылған базарды аралады.

Көзге ұрып тұрған заңсыздықтарға қарамастан, базар құрылтайшысы журналистер алдында ақталып әлек. Бұл кешегі баспасөз мәслихатынан бір мысал.

«Бұған дейін уәкілетті орган сіздерге әкімшілік айыппұл салып, заңбұзушылықтарды жою керектігі туралы хаттама берілгенін айтқан еді. Қазір ол бойынша жағдай қандай? Оның барлығы жойылды ма, жойылмаса қашан жоспарлап отырсыздар?», деген сауалға: «Бізге Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы рұқсат құжатынсыз салып жатқанымызды алға тартып, хаттама берді. Мен ол деректі мойындаймын. Екі айдан бері сәулет жоспарлау тапсырмасын ала алмай жүрмін», – деп жауап берді кәсіпкер Досмұқан КЕРІМБАЕВ.

Ал бүгін қаладағы базарлар басшыларының басын қосқан жиынға билікті қаралаған кәсіпкер Досмұқан Керімбаев та шақырылған еді. Жиналыста базарларды қайта жаңғырту жайы сөз болған. Алайда, «Мизам» базарынан бірде бір жан төбе көрсептеді. Сондықтан кәсіпкер Керімбаевты Алатау ауданының ақсақалдары өздері іздеп барды. Дегенмен, ол базарда да болмай шықты. Тек байланысқа қашықтан, ұялы телефон арқылы шықты.

Ал ақсақалдар заңсыз базардан гөрі, «Мизам» орнына, халыққа қажетті нысан – мектеп салуды сұрайды. Өйткені, аудандап білім ошағы жетіспейді.

«2004 жылы салынған 1000 орындық мектеп жетпей, 2006 жылы қосымша тағы 648 орындық мектеп салды. Сонда 1648 орындық мектептерде 3240 оқушы оқып жатыр. Бұл 2 есе көп көрсеткіш. Бізге керегі – мектеп болып тұр. Бұл жерге мектеп керек. Ал базар барлық жерде бар. Осы төңіректің бәрі базар. Оның үстіне, бұл базар заңсыз істеп жатыр екен. Бұрынғы орынды босатып, мектеп салу керек. Біздің ұсынымыз, өтінішіміз – мектеп салу», – дейді Таубалды САҒАТУЛЛА.

«Мизам» көтерме бөлшек базары өткен жылдың ақпан айында ашылды. Жоба мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында іске асырылған болатын. Оның жалпы құны 3,1 миллиард теңгені құрады. Қалада базарларды жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Ескі контейнерлерден тұрғызылған сауда орындары жойылуда. Дей тұрғанмен, «Мизам» базарының басшысы модернизация бағдарламасына қайшы әрекет етіп, заманауи кешен тұрғызудың орнына, ескіге бет бұруды жөн деп шешкен.

«Алматы қаласы базарларын модернизациялау, яғни қайта құру туралы арнайы шешімі бар. Сол шешімге сәйкес, жаңадан салынған базарлардың барлығы бұл белгілі бір талаптарға сай болуы керек. Қандай талаптарға сай болуы керек? Оның ішінде, ескі типтегі, контейнердің үстіне контейнер қойылған базар болмауы керек. Яғни, жаңа құрылыс болуы керек. Өрт қауіпсіздігі, денсаулық сақтау мәселелері ол құрылыстардың барлығында толыққанды нормаларға сәйкес болуы керек», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен БАБАМҰРАТОВ.

«Мизам» базарына қатысты жағдайға құқық қорғау органдары баға берді. Айтуларынша, қалалық әкімдік заң шеңберінен аттамаған.

«Мизам» басшылығы өткізген баспасөз мәслихаты туралы баршаңыз естіңіздер. Барлық айтылған сөздер мемлекеттік билікке сөз келтіргендігіне құқықтық сараптама жүргізіледі. Егер абыройға нұсқан келгені анықталатын болса, белгіленген заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылады. Сондықтан әр іс үшін кейін жауап беру керектігін ескерткім келеді. Тағы бір айтарым, жергілікті атқару органдары тарапынан қандай да бір заңбұзушылық анықталған жоқ», – деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік АДАМОВ.

Еске салайық, жақында Алматы қаласы әкімдігі «Мизам» базарымен арадағы 1,3 гектар және 4,05 гектар жер уаскесін қысқа мерзімді жалға беру туралы келісімшартты бұзу жөнінде шешім қабылдады.


Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров