Еліміздің Ұлттық банкі «Астана банкі», Qazaq Banki және «Эксимбанк» cалымшыларына ақшаларын шамамен, қай уақытта ала алатындарын мәлімдеді. Яғни, аталған қаржы мекемелеріне қатысты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық банк тарату комиссиясын тағайындайды.
Таратылатын банктердің барлық салымшысы Қазақстанның Депозиттерге кепілдік беру қорының қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемақы алуға құқылы. Өтемақы ұлттық валютада төленеді, ал оның сомасы шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеден, ал ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.
«Егер аппеляцияға бермесе, сот шешімі 29 желтоқсанда күшіне енеді. Яғни, 29 желтоқсанда банкті күштеп тарату шарасы қолданылады. Ал қаңтар айының 4-інде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк-агентті анықтайды. Осылайша 10 қаңтардан бастап салымшыларға тиесілі қаражаттары беріле бастайды», – деді «Қазақстанның Депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Талдау және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ғибадат ИВАНОВСКАЯ.