Алматы маңындағы экобекетте СОБР қызметкерін қаққан көлік жүргізушісі бас бостандығынан айырылды

Алматы маңындағы экобекетте СОБР қызметкерін қаққан көлік жүргізушісі бас бостандығынан айырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы маңындағы экобекетте СОБР қызметкері Жандос Нұрғазиевті қаққан көлік жүргізушісі бас бостандығынан айырылды. Ол енді 2 жарым жылын темір торда өткізеді. Осыған дейін сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартқан болатын. Алайда, судья оның кінәсі толық дәлелденгенін қадап айтып, үкім кесті. Рахымжан Есенбаевтың бұрын-соңды істі болмағанын ескере отырып, жазасын мейлінше жеңілдетті. Ал, марқұмның отбасына моральдық және материалдық шығын ретінде 3 миллион теңгеден астам өтемақы төлейтінін ескертті. Жол ережесін бұзып, полицейді ажал құштырған сотталушының қолына сот залында кісен салынды.

«Рахымжан Есенбаев жол ережесін бұзғанына кінәлі деп танылсын. Ол 345 баптың 3 тармағы бойынша, абайсыздықтан адам қағып өлтіргені үшін 2 жыл 6 айға сотталады. Жазасын мейлінше қауіпсіз колонияда өтейді. Сотталушыдан марқұмның туыстарына моральдық шығын ретінде 3 миллион теңге, материалдық шығын ретінде 340 мың теңге өндірілсін. Сондай-ақ, Рахымжан Есенбаевқа 5 жылға дейін көлік айдауға тыйым салынады»,-деді Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрағасы, Елмахан ДІЛДЕБАЕВ.

Естеріңізге сала кетсек, жантүршігерлік оқиға 26 маусымда «Алматы-Қапшағай» тас жолындағы полиция бекетінің тура алдында болған. СОБР қызметкері Жандос Нұрғазиев соқтығысқан қос жүк көлігінің ортасында жан тапсырған еді. Бастапқыда күдікті ретінде бірінші жолақта келе жатқан көлік иесі Андрей Бедусенко қамауға алынған еді. Бірақ, тергеу барысында Рахымжан Есенбаевқа айып тағылады. Сот отырыстарында сарапшылар да Есенбаевтың жол ережесін өрескел бұзып, қауіпсіздікті сақтамағанын айтқан еді. Ал, сотталушы өзіне тағылған кінәмен ең соңына дейін келіспеді. Сондықтан, қайта шағымдануы мүмкін. Ал, жәбірленушілер үкімнің әділ шыққанын алға тартты.

"Әділ жаза, одан да көп беруге болатын еді әрине. Біз оны одан да қатал жазалағанын қалаған едік. Бірақ, заң бойынша бұл абайсыздықта жасалған қылмыс болғандықтан, сотталушының жеңілдететін жағдайлары көбірек болғандықтан, ауырлататын жағдай болмағандықтан сот белгіленген 5 жылдық жазадан артық бере алмады. Бұл жазамен келісеміз",-деді Жәбірленуші тараптың қорғаушысы, Айдынғали ТАБЫЛДИЕВ.


Новости партнеров