Тәртіп сақшылары Алматы автобазарларындағы заңбұзушылықтарды анықтауға кірісті

Тәртіп сақшылары Алматы автобазарларындағы заңбұзушылықтарды анықтауға кірісті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін тәртіп сақшылары кезекті тексеріспен Алматыдағы тағы бір автобазарға сау етіп кіріп келді. Сатушыларды, тіпті тұтынушылардың өздерін жіті тексерген құзырлылар біраз былықтың бетін ашты.

Күні кеше «Жібек жолы» базарында жүргізілген жедел шара нәтижесінде, полиция іздеуде жүрген 4 адамды, 20 заңсыз еңбек мигрантын және есірткіге мастанған нашақорды қолға түсіріпті.

Тәртіп сақшыларының келетінін базар сатушылары күтпесе керек, біраз абдырап қалды. Полиция қызметкерлері сөрелерде самсап тұрған көлік айналарының ешбірін назардан тыс қалдырмады. Сатушыларды, сонымен қатар, саудаға қойылған айналардың ұрланған-ұрланбағанын жіті тексерді.

Өткен түнде осы КарСити базарының бір сатушысы ұсталған. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оның бір өзінен 15 көлік айнасы тәркіленген және он бесі де қолды болған өзгенің мүлкі болып шығыпты. Күдікті Алматы облысының 28 жастағы тумасы, тіпті, осы уақытқа дейін ұрланған айналарды саудалап келгенін мойындапты-мыс. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Құзырлылар тергеу жұмыстары арқылы қылмыстық топтың өзге де мүшелерін табатынына сенімді.

«Біздің бірінші кезекте көздеп отырғанымыз – қандай да бір қылмысқа қатысы болуы мүмкін немесе заңсыз іс-әрекеттерді айқындау, көші қон заңнамасын бұзған азаматтарды мен қаламыздағы криминалдық ахуалды тұрақтандыру. Ал ұрланған заттарды саудаға салып, оны өткізген сатушыларды тек жедел шаралар нәтижесінде ғана айқындай аламыз. Өйткені, дәйекті заттар жинау керек», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Күні кеше құзырлылар Жібек жолы базарында рейд ұйымдастырған еді. Нәтижесінде, іздеуде жүрген 4 адам, көші қон заңнамасын бұзған 20 өзбекстандық азамат және есірткі пайдаланған 1 нашақорды анықтаған. Жалпы, тексеріс жұмыстарына 300-ден астам тәртіп сақшылары мен кинолог мамандар жұмылдырылыпты.

Ішкі істер департаментінің берген мәліметі бойынша, өткен тәулікте 151 қылмыс орын алып, оның 74-і ізі суымай ашылған. Ал кешегі тексеріс бойынша 416 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты.

Айта кетейік, «Құқық тәртібі» атты алдын алу іс-шаралары шілде айының 25-і мен 29-ы аралығында өткізіліп жатыр.

Азамат Әуезхан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров