Алматыда биыл бірқатар ірі өндіріс нысандары салынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйверлері» бағдарламасы аясында бірқатар ірі өндіріс орындары салынады. Қала әкімі Бауыржан Байбек индустриалды аймақтағы инфрақұрылым жұмыстарын тексерді. Мұнда құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларының 40-тан астам отандық және шетелдік жобалар жүзеге асуда. Сондай-ақ қала  басшысы мұнай, газ, су және мұнай өнімдерін тасымалдайтын үлкен диаметрлі құбырлар шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын іске қосылса, онда елімізге келетін құбыр импорты 60 пайызға қысқарады. Одан кейін Бауыржан Байбек кабель желілерін шығаратын ресейлік компанияның зауыты мен Жапониядан басқа жерде баламасы жоқ инженерлік желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Tokyo Rope Almaty» зауытының да құрылыс қарқынымен танысты.

Алматы әкімі одан бөлек, қаланың қалдықтарын толық өңдейтін қоқыс сұрыптайтын кешенді аралады.  Жоба жүзеге асса, экологияға оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ әкім жұмыс сапары барысында 200 автобусқа шақталған №3 автопарктің құрылысымен танысты. Қоғамдық көлік паркі бір мезетте 10 автобусқа қызмет көрсететін газ қондырғыларымен жабдықталады. Жаңа нысанда техникалық қызмет көрсету, көлікті жуу, жүргізушілер тынығып, ұйықтайтын әкімшілік-тұрмыстық блок  нысандарын салу қарастырылған.


Новости партнеров