Атлетикалық ауылдағы тұрмыстық техникалар Алматыдағы мемлекеттік мекемелерге үлестіріліп берілді

 Атлетикалық ауылдағы тұрмыстық техникалар Алматыдағы мемлекеттік мекемелерге үлестіріліп берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алынған жабдық кәдеге жарады. Атлетикалық ауылдағы тұрмыстық техниканың түгелі Алматыдағы мемлекеттік мекемелерге үлестіріліп берілді. Әлеуметтік орындар ұзын-ырғасы 140 мың жиһазбен қамтылды. Игі шара "Универсиада мұрасы" бағдарламасы аясында өткізілді.        

Жаңа жиһаздармен, тұрмыстық техникамен толыққан мекемелердің бірі - Алматыдағы перинатология және балалар кардиохирургия орталығы. 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары аяқталғаннан кейін Атлетикалық ауылдағы атлеттердің бөлмелеріне сатып алынған 450-ге тарта жабдық қаладағы ауруханаларға, емханаларға таратылып берілді. Бұл орталықта жоғары қауіп-қатер тобындағы жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетіледі. Себебі, жаңа туылған нәрестелер мен 18 жасқа дейінгі балаларға кардиохирургиялық оталар жасалатын мекемеге жиһаздар мен тұрмыстық техника ауадай қажет.

«Алматы қаласы әкімшілігі мен денсаулық сақтау басқармасы үлкен бастаманы қолға алды. Біздің медициналық ұйымдарды жұмысқа аса қажетті заттармен жабдықтады. Денсаулық сақтау орталығымыз көрпе-төсекпен, шкафпен, үтікпен және тағы да басқа жабдықтармен қамтылды. Мұның бәрі сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажет»,- деді Алматы қаласы, Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы директорының орынбасары, ¤Гауһар КӨШКІМБАЕВА.¤

Су жаңа төсек, шам, үстел, тоңазытқыш, кір жуғыш машина,үтік, теледидар, медициналық жабдықтар, кеңсеге арналған техника енді халық игілігіне жарамақ. Бұл жабдықтармен қаладағы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжі де толықты. Әсіресе, жатақхананы тұрақтаған студенттер үшін бұл қуанышты жайт. 

«Біздің балаларымызға өте қажет нәрсе. Шкаф болсын, төсек болатын болса да, матрац болсын. Өте қажетті нәрсе. Сапасы өте жақсы. Ортопедический матрац дейміз ғой. Денсаулыққа өте пайдалы дүние деп ойлаймын. Оның бәрі бізге аса қажет»,-деді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры, Төлеуғали ТАЙТӨЛЕЕВ.

Тұрмыстық техника заттары мен жиһаздар Алматы қалалық ардагерлер үйіне де үлестіріліп берілді. «Бұл әкімдік тарапынан жасалған игі бастама», - дейді қарттар. 

"Бізді ұмытпай осындай теледидар, холодильник, мебельдер беріп, қуанышқа жеткізіп жатыр",- деді Сағатбек ОТАРБАЕВ.

Айта кетейік, Универсиада жарысын ұйымдастыру үшін спортшыларға арналып 5 мың орындық Атлетикалық ауыл тұрғызылған еді. Енді мұндағы пәтерлер үй кезегінде тұрған алматылықтарға беріледі.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров