Алматыдағы әуежай маңындағы көл демалыс аймағына айналады

Алматыдағы әуежай маңындағы көл демалыс аймағына айналады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 60 жылдай жөндеу көрмеген әуежай маңындағы көл демалыс аймағына айналмақ. Қазіргі таңда ондағы су тартылып, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Енді жағасы габионмен қатайтылып, тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін көпір салынып жатыр. Бұл жұмыстар көл суының деңгейі көктем мезгілінде көтеріліп, көшеге шықпауы үшін қолға алынан.

Сондай-ақ, жоба бойынша жаңа автоматты гидранттар орнату көзделген. Пульт арқылы басқарылатын жүйені төтеншеліктер басқарып, су деңгейін сырттан бақылап отыра алады. Оған қоса, уақыт жоғалтпастан су көлемі ұлғайған шақта қашықтықтан басқарылатын жүйе арқылы ағызып жібере алады.  

«Көлдің суды ағызатын екі гидранты және тағы да сондай құйылатын сағасы бар. Қазіргі уақытта бірінші құйылатын сағада жұмыстар 80 пайызға аяқталды. Ол шамамен, 10 күнде толықтай бітеді. Сонымен қатар, келесі арнасында жағаны бетонмен қатайту жүргізіліп жатыр. Көлді қайта қалпына келтіру барысында тазалау жұмыстарын атқардық», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Қайта қалпына келтіру кезінде көлдің сағасы қатайтылады. Қазан айында қолданысқа берілетін мекенде балалар ойнайтын алаң, отырғыштар қойылады. Көл маңы толықтай абаттандырылып, жарық шамдары орнатылады. Оған қоса, халыққа ыңғайлы болуы үшін шатыры жабылған көпір жасалып жатыр.


Новости партнеров