Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алмалы ауданында көшпелі жиын өткізді. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларының басын қосқан жиналыста ауданның көріктендіру жәйі, жүргіншілерге арналған жолдардың сапасы мен аулалардың жағдайы айтылды. Алмалы ауданын аралаған қала басшысы аудан әкіміне бірнеше ескерту жасады. Олқылықтың орнын толтыруға 3 күн уақыт берілді. Жиында заңсыз орнатылған темір қоршаулар мен көше бойындағы дүңгіршектер сөз болды. Сондай-ақ, қала әкімі аула арасындағы жүргінші жолын, жол бойындағы ретсіз тұрақ мәселесін де сынға алды. Көлік тізгіндегендерді тезге салу керек екендігін де баса айтты. Тиісті басқармаларға тапсырма берілді.
Алмалы ауданында "Қоршаусыз қала" бағдарламасы аясында 112 нысанның қоршауы сүріліпті. Алдағы уақытта тағы 200-ге жуық мекеменің алдындағы темір шарбақтар алынып тасталмақ. Одан өзге, жоспарда 2 жүргіншілер аймағын салу тұр. Бірі Қарасай батыр көшесінде, келесісі Дүйсенов көшесінен Гайдар көшесіне дейінгі аралықта болмақ. Ауданның көріктендіру бөлімінің мамандары қазіргі таңда қос саябақты ағымдағы жөндеуден өткізуге қала бюджетіне қаржы бөлуді сұраған.