Алматы әкімі Бауыржан Байбек Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымының бас хатшысы Анхель Гурриамен кездесті. «Еуразия апталығы -2017» форумы аясында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Анхель Гурриа өңірлік локомотив ретінде Алматымен қарым-қатынасты нығайтуға ынталы екендігін білдірді.
«Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы елдерінде халықтың 75 пайызы инновациялар жасалып, қаржылар басқарылатын қалаларда тұрады. Ұйым ірі мегаполистердің қарқынды даму мәселелерін қарастырады. Бұл ретте Алматының болашағы мықты», - деді ЭЫДҰ бас хатшысы Анхель ГУРРИА.
Бұл күндері Алматыда өтіп жатқан « Еуразия апталығы -2017» форумына Еуразия мен Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы елдерінің мемлекеттік органдарының басшылары, халықаралық серіктес ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың, бизнес пен қоғамның өкілдері қатысуда. Алқалы шара бәсекелестік пен өңірлерді дамытуға қатысты өзара байланысты дамытуға бағытталған.
«Алматы- бизнес пен жеке капитал қаласы. Мұндағы 10 азаматтың 8-і қазір кіші және орта бизнеспен айналысады. Экономикадағы мемлекет үлесі 5 пайыздан төмен. Оңтүстік шаһарда қазір 60 халықаралық ұйым мен трансұлттық компаниялар жұмыс істеп тұр. Жергілікті банктердің бас кеңселері де осы қалада орын тепкен. Сондықтан Алматы экономикалық дамудың драйверіне айналуы қажет. БҰҰ-мен бірлесе, біз келесі жылдың соңына қарай ӨңірлікХаб ашу бойынша жұмыс жасаудамыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Естеріңізге салсақ, Қазақстан мен Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымының ынтымақтастығы бәсекелестіктің Евразиялық бағдарламасы аясында 2008 жылдан бері жалғасып келеді. Оған Орталық Азияның, Кавказ бен Шығыс Еуропаның 13 елі қатысады.