|
15.02.2017 | 10:40
2968

Биыл Наурызбай ауданында 117 көше толықтай жөнделмек

Биыл Наурызбай ауданында 117 көше толықтай жөнделмек

Биыл Наурызбай ауданында 68 шақырымдық 117 көше толықтай жөнделмек. Сондай-ақ нөсер кезінде су басу қаупін төмендету үшін 19 шақырым арық жүйесі жаңарады. Биыл ауданда салынып жатқан әкімшілік орталықты жаздан қалдырмай қолданысқа беру жоспарланып отыр. Әкімшілік орталық қызмет көрсетуін бастағанда, ауданда қатынайтын қоғамдық көлік бағыттарын өзгеруі мүмкін.

Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталықтың құрылысы қызу. Мердігерлер ғимаратттардың құрылысын мамыр айында бітіруді жоспарлап отыр. 153 гектар аумақта әкімдік ғимаратынан бөлек, Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық сот, Ішкі істер басқармасы және өзге де мекемелер орналасады. Сондай-ақ «Ақжар» ықшам ауданында салынып жатқан 1200 орынды мектеп пен 500 орынды емхананың да құрылысын аяқтап, мамырда ел игілігіне беруді жоспарлауда.

«Сол аумақта барлық мемлекеттік органдар орналасатынын байланыстыра отырып, біз қазір Алматы қаласы автокөлік басқармасының өкілдерімен жұмыс жасап жатырмыз. Ол жерге халық әрбір ықшам ауданнан тез  жететіндей етіп, қоғамдық көліктердің бағыттарын сол жерге бұру сұрақтарын қарастырып жатырмыз», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Бұған қоса, аудан басшылары қаланың автомобиль жолдары басқармасына ұзындығы 68,1 шақырымды құрайтын 117 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі жайында өтініш жасапты. Оның ішіне Қалқаман ықшам ауданындағы бұрын мүлдем асфальт болмаған 32 көше енгізілді. Тиісті қаражат бөлінген жағдайда, аталған жұмыстар биыл басталуы мүмкін. Ал, қазіргі уақытта Наурызбай ауданында Абай даңғылын қаланың батыс шекарасына дейін созу жұмыстары жүргізілуде.

«Мен 1997 жылы Мәскеуден көшіп келгенде бұл жерде жарық болмаған, су мәселесі қиын болатын, одан кейін көшелер батпақ болатын. Қазір көшелер, ауылдың өзі, аудандар барлығы өзгерді. Көшелерді жөндеді, жарық орналастырды. Бәрін істеп жатыр», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны Жан ИВАНОВ.

Наурызбай ауданындағы өзекті мәселелердің бірі - халықты сумен қамту. Бүгінде аудандағы құбырлардың 75 пайызының тозығы жеткен. Соның кесірінен тұрғындардың 40 пайызы тіршілік нәрінен тарығып отыр екен. Аудандағы су тапшылығын жою үшін «Ақсай» және «Қарғалы» өзендерінен жаңа су қоймаларын салу жоспарлануда.

«Бұл жобада қарастырылған Қарғалы және Ақсай өзендерінің бойынан үлкен су қоймасын салу қарастырылған болатын. Қазір бұл жоба 90 пайызға іске асып отыр. Қазіргі уақытта келісім, процедуралық сұрақтар қалып жатыр. Енді бұл жоба іске асқан кезде біздің аудан деген толық сапалы сумен қамтамсыз етілген болады және бұның барлығы іске асқан кезде 150 мыңдай тұтынушыға су беруге жағдай болады», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Биыл ауданда атқарылып жатқан ең маңызды құрылыс - Қарғалы өзенінің арнасын нығайту да жоспарға сай атқарылуда. Құрылысшылар жалпы ұзындығы 7700 метрді құрайтын өзендегі нығайту жұмыстарын 65 пайызға аяқтапты.

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир