«Альфа банкті» тонағандар 8 жылға темір торға қамалуы мүмкін

«Альфа банкті» тонағандар 8 жылға темір торға қамалуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Альфа Банктің» бөлімшесін тонағандар 8 жылға темір торға қамалуы  мүмкін.  Соттың соңғы отырысында мемлекеттік айыптаушы қос күдіктіге осындай жаза сұрады. Сондай-ақ олардың мүлкін тәркілеп, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеуді тағайындауды ұсынды. Ал қаржы орталығының өкілдері қос күдікті банктен тонап кеткен 65 миллион теңгеден астам ақшаның бір тиынын қалдырмай қайтарып бергенін айтып, олардың жазасын жеңілдетуді өтінді.


«Екеуі банкке келтірілген барлық шығынды өтеп берді. Соңғы 300 мың теңгені өткен аптада төлеген. Тиісті түбіртек қағаздары бар. Сондықтан оларға ешқандай шағымымыз жоқ», - деді банк өкілі Бейбіт МОЛДАҒАЛИЕВ.

 

¤Айыпталушылардың адвокаттары олардың кәмелетке толмаған балалары барын, сондай-ақ бұрын істі болмағанын ескеріп, бас бостандығын шектемейтін жаза тағайындауды сұрады. Десе де, сот соңғы шешімді енді жария етпек. Еске салсақ, биыл маусым айында қаладағы «Альфа Банктің» бөлімшелерінің бірі тоналған болатын. Қос қарақшы қаржы орталығынан 65 млн теңгеден астам қаржыны қолды қылған. Көп ұзамай ұрылар қолға түсіп, тонау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер мұндай әрекетке қыруар несиеден құтылу үшін барғандарын айтып ақталған еді. Бүгін ұрыларға соңғы сөз берілді.


«Өз кінәмді толықтай мойындаймын және бұл қылығым үшін кешірім сұраймын. Бұдан былай мұндай қылмысқа бармаймын. Отбасым бар, кішкентай балам бар. Солардың қасында болғым келеді», - деді күдікті Иван ЖУКОВ.

 

«Өзім жұмыс істеген банктің өкілдерінен кешірім өтінемін. 3 ай қамауда отырған кезімде көп нәрсені түсіндім, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Соттан қатаң шара қолданбауды сұраймын. 3 жасар ұлым мен 2 жасар қызым бар. Мен оларға үлгілі, қамқор әке болып, жандарында болғым келеді. Барлық шығынды өтегенімізді ескере отырып, маған ең соңғы мүмкіндік беруіңізді сұраймын», - деді күдікті Максим БЕСКИШКИН.


Новости партнеров