Алматыдағы хостел мен отельдер Универсиадаға келетін меймандарды қарсы алуға дайын

Алматыдағы хостел мен отельдер Универсиадаға келетін меймандарды қарсы алуға дайын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы хостел мен отельдер қысқы Универсиада ойындарына келетін меймандарды қарсы алуға дайын. Ондағы бөлмелер де, қызмет көрсету сапасы да халықаралық талапқа сай. Мамандар осы күнге дейін 100-ден аса орынды тексеріп үлгерген.

Сыпайы персонал, ыңғайлы орын және ең бастысы қауіпсіздік шарасы. Универсиада ұсынған талаптарды бұл хостел қатаң сақтаған. Мұнда келген қонақтар өзіне жайлы бөлмені таңдай алады. Мәселен, алты орынға шақталған нөмірде топ болып қоныстануына немесе екі адамға арналған бөлмеге тоқтаса да өз еркі.

«Бізде нөмірлер ер адамдарға және әйелдерге деп бөлінеді. Келушілердің ыңғайлылығы мен қауіпсіздігі үшін осылай жасағанбыз. Мына бетінде ер адамдар орналасса, екінші бетінде әйелдер жайғаса алады», - деді  хостелдің басқарушы директоры Раушан УАШЕВА.

Хостел күні-түні арнайы орнатылған бейнекамералар арқылы бақыланып отырады. Сондай-ақ құнды заттарды сақтайтын арнайы орындар қарастырылған. Тазалыққа да баса мән берілген.

Қызмет көрсету тұрғысында келеңсіздік туғызбау үшін бұл хостелдің қызметкерлері шет тілін меңгерген.

«Біз енді ғана ашылғанға қарамастан, хостел Универсиаданың серіктесі болып танылды. Олар ұсынған бағдарламадан өттік. Келген туристер болсын, біздің елдің азаматтарына жоғары деңгейде қызмет көрсетеміз деген сенімдемін», - деді  хостелдің басқарушы директоры Раушан УАШЕВА.

Мұндай хостелда тұрамын деушілер үшін баға қымбат емес. 3000 теңгеден басталады. Қала қонақтары үшін тұрақтауға үлкен таңдау беріледі. Оның ішінде отель және эконом класстағы қонақ үйлер. Олардың барлығы да Универсиаданың серіктестері.

Көз тамсандыратын интерьер, барлық қажетті ақпаратты беруге даяр қызметкерлер. Бұл отельдің нөмірі. Ыңғайлы және үлкен төсек орны. Таза жуын бөлмелері. Мұның барлығын стандартты отель нөмірінен кездестіре аласыз. Сірә, оның люкс қонақ үйлерінен тек көлемі бойынша ғана айырмашылығы бар шығар. Аталған отель де Универсиада ұсынған тізімде бар. Яғни сервис және сапа бойынша барлық халықаралық талапқа сай келеді. Олар қонақ үй бизнесіндегі сарапшылардың бақылауынан өткен.

«Құпия тұтынушы әдісі қолданылды. Бұл тексерудің нәтижесі біз үшін күтпеген жайт болған жоқ. Барлық нысан мұндай тексеруден өтті. Барлық қонақ үйлер мен отельдер үшін ол тосынсый. Себебі құпия тұтынушы кім екендігін біле алмайды. Бұл әдіс сапаны анықтауға септеседі», - деді Қазақстанның қонақ үйлері мен мейрамханалары қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Наталья СЕРГЕЕНКОВА.

Жалпы Универсиада ұсынған жобасына қонақтардың орналасуына арналған жүздеген орын қатысқан. Оның басым бөлігі қатаң сыннан өтіп, қысқы ойын меймандарын қарсы алуға дайын.

Перизат Көмекбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров