Алматыда заңсыз салынған дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасуда

Алматыда заңсыз салынған дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда заңсыз салынған дүңгіршектерді сүру жұмыстары жалғасып жатыр. Алмалы ауданында жеміс-жидек сататын орын бүтіндей бұзылды. Шағын лашық иесі оны өз еркімен алып тастады. Ал, Түрксіб ауданындағы газет-журнал сататын дүңгіршек иесі әкімдік қызметкерлеріне табанды қарсылық көрсетті. Осыған қарамастан, қала көркіне нұқсан келтірген орын тиеліп кетті.

Көкөніс сатып, күнін көрген бұл кәсіпкер ескі лашығын енді ентіге бұзып жатыр. Ол орнатқан дүңгіршек заңсыз салынған екен. Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері мұны арнайы тексеріс кезінде анықтады. Тараптар тілдесіп, түбінде сатушы сауда орнын өз еркімен бұзуға келіскен.        

«Заңсыз екенін ескерткеннен кейін, өз еркіммен бұзып жатырмын. Әкімшілік айыппұл салған жоқ. Бұрын қудаламаған. Енді қазір дұрыстап сөйлесіп, талаптарды білемін. Басқа жерден заңды түрде орын алуға тырысамын», - деді    дүңгіршек иесі Нұрбақыт ІРГЕНБАЕВ.

Тиісті құжаттары болмаған сатушы енді өзге орынға жайғасуды жоспарлап отыр. Бұл жолы талапқа сай жұмыс істеймін дейді. Жалпы, Алмалы ауданында жыл басынан бері 148 осындай дүңгіршек сүрілген екен. Көбін қожайындары қасарыспай өздері бұзыпты. Мамандар қала көркіне нұқсан келтіріп, жабайы сауданы өрістетін осы тақылеттес дүңгіршектер қара базар төңіректерінде көп дейді. Алдағы уақытта олардың барлығы күрелмек.

«Біздің Алмалы ауданында, көбінесе «Тастақ» пен «Оптовка» базарларының маңында осындай заңсыз дүңгіршектер көп. Олар бірте-бірте сүріледі», - деді  Алмалы ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Гапур БАҚТИЯРОВ.

Ал, Түрксіб ауданындағы мына дүңгіршектің орнатылғанына көп болмаған. Иесі еш рұқсатсыз саудасын бұқпантайлап қыз-қыз қайнатыпты. Тіпті, әкімдік қызметкерлеріне қыр көрсетіп, дүңгіршекті бұзудан бас тартқан. Алайда, құзырлылар құқайға қарамай, заңсыз сауда орнын бұзып әкетті.                    

«Заңды орналасқан дүңгіршекте алдағы уақытта бәріне бірдей концепция жасалып жатыр. Оларға жаңа формада үлгілер ұсынылады», - деді Түрксіб ауданы Кісәпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем ӘРІПБАЕВ.

Қазір Түрксіб ауданында 240-қа жетеғабыл дүңгіршек бар. Олардың дені еш рұқсатсыз салынған екен. Сондықтан мамандар жоспарға сай оларды бірте сүре бермек. Есте болса, биыл қыста әуежай мен бірінші вокзал маңындағы сұрықсыз дүңгіршектер күрелген еді. Тұрғындар игі істің оң нәтиже бергенін айтады.      

Дастан Сейілханұлы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров