Алматыда жылу жүйесі саласы мамандарының кәсібилігін арттыруға арналған жаңа оқу орталығы ашылды. Орталық білікті қызметкерлердің қатарын 30 пайызға көбейтпек. Қала әкімі Бауыржан Байбек Алматы жылу жүйелері маңынан ашылған жаңа оқу орталығының жұмысымен танысты. Мекеме жылу энергетикасының 7 саласы бойынша 900 жұмысшыны қайта даярлаудан өткізеді. Бұл өз кезегінде, мамандардың шеберлігін шыңдамақ. Сондай-ақ, коммуналды шаруашылықты жүргізетін және тұрғын үй кооперативтеріндегі мамандардың да кәсібилігін жоғарлатуға қауқарлы.
«Білім алушылар әр түрлі құрылымдардан келіп жатады. Біздің мақсатымыз жұмыс барысында артық кедергілер болмас үшін мамандарға сапалы білім беру. Мәселен, апаттық жағдайларды жібермеуге, қызмет көрсету сапасын жоғарылатуға, тұтынушылардың шағымдарын азайтуға байланысты бірқатар жұмыстарды жеңілдетеді»,- деді "Алматы жылу жүйелері" ЖШС директорының орынбасары, Талғат МАЛЫБАЕВ.
Орталықта темір инженерлері, машинисттер, операторлар мен электротехника қызметінің жұмысшылары автоматтандырылған жылу жүйесін, сумен қамту режимін басқаруды үйрене алады. Ал білім алушыларға теориялық және практикалық сабақтарды жылу жүйесінің тәжірибелі мамандары оқытады.
«Мен өзім бұрын ауыл шаруашылығында істегем. Қазір енді қазіргі заманға сай өз мамандығым бойынша жұмыс істей алмай жүрмін. Сондықтан осы мына жылу жүйесіне келіп машинист болып жұмыс істеймін. Енді мен үшін бұл мамандық таныс емес қой. Сондықтан тереңірек игерейін деп осында білімімді көтерейін деп келдім»,- деді Машинист, Дәуітбай АСАНБАЕВ.