|
30.06.2017 | 11:50
3072

Алматылық вундеркинд бала 12 жасында мектепті үздік бітіріп шықты

Алматылық вундеркинд бала 12 жасында мектепті үздік бітіріп шықты

Алматылық 12 жастағы Абзал Мырзаш есімді жеткіншек 11 сыныптық орта білімін тәмәмдап, Ұлттық бірыңғай тестін тапсырды. Арманы асқақ Абзалдың бойындағы ерекше дарыны кішкентай кезінде байқалған көрінеді. Қатарластарынан асып түскен ақылды бала мектептің оқу бағдарламасын уақытынан бұрын меңгеріп шыққан. Қазір Абзал еліміздегі белді жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсуге ниетті.

Бұл Абзалдың мектеп бітіру салтанатындағы сәттерінен үзінді. Мұғалімдері оның бағындырған барлық жетістіктерін жіпке тізгендей мақтанышпен айтуда. Қазір ол тек мектептің ғана мақтанышы емес, енді жас түлекке еліміздің бірнеше жоғары оқу орнынан тегін білім алуға ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Ал жасы небәрі 12-ге келген Абзал Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп студент атануға дайындалып жүр.

«Негізі бала 2 жасында анық әріптерді танып білді. Баланың есте сақтау қабылетінің жоғары екенін көліктердің маркаларын ажырата білуінен, соны есте сақтай білуінен аңғардым. Содан біз қызықтап баланың күннен күнге белгілі бір әріптерді жазуы, сурет салуын қызықтап балаға түсіндіре бастадық», - деді Абзал Мырзаштың әкесі Дәуренбек НЫСАНОВ.  

2 жасында әріптерді буын-буынға оқыған Абзал 3 жасында бір таңбалы сандардың ойша қосып-алуды меңгеріп, тіпті көбейту кестесін де жаттап алады. 5 жасында ертегі мен газет-журналдарды еркін оқыған оны ата-анасы мектепке беруді ұйғарған. Озат оқушы атанған дарынды оқушыны мұғалімдері бірден 5-сыныпқа көшірген екен.

«Алып келген оқулықтарды бұл бір аптаның ішінде оқып тастады да, маған ары қарай 4 сынып қызық емес деді. Сынып жетекшісі де оны аңғарып, пәндердің бәрін игеріп қойғандығын байқап, баланы секірткенімізді жөн көрді. Педагогикалық кеңес құрылып, баладан емтихан алып 5-ші сыныпқа көшірген еді», - деді Абзал Мырзаштың әкесі Дәуренбек НЫСАНОВ.  

«Бір күні келді картоннан үй жасапты. Соның шатырын көрсетеді маған. Мама мен мына шатырдың ауданын таптым, дейді. Жаңалық аштым деп сүйтті. Жарайсың балам, дедім де қойдым. Әкесі ылғи кітаптар, неше түрлі энциклопедиялар әкеледі ғой, солардан көріпті шатырдың қандай формада болатынын. Призма түрінде болады екен. Соны маған айтып келді», - деді  Абзал Мырзаштың анасы Жазира ДОСКЕЕВА.

Абзалдың өз жасынан ерте мектепті бітіруіне өзінің білуге, жаңалықты тануға деген құштарлығы, қызығушылығы жетелепті. Тіпті тереңдетіп оқытатын қосымша сабақтарға да бармаған. Оған сонша білімді ерте игеру қиынға түспепті. Қазір ол физика-математикалық бағытты таңдап, осы сала бойынша ғалым болуды армандайды.

«Негізі өзім кішкентай кезімнен әкеме еліктеп дәрігер болуды армандаған едім. Бірақ 9 сыныпқа келгенде өзімнің ойымды өзгеріттім. Ғаламтордан біраз мамандықтарды іздеп, ІТ яғни ақпараттық технологиялар туралы біраз мәліметтер таптым. ЖОО түскен соң осы мамандықты енді тереңірек оқып, үлкен маман болғым келеді», - деді талапкер Абзал МЫРЗАШ.

Жақында Ұлттық бірыңғай тестінен 117 балл жинап, қазір еліміздің ең мықты оқу ордаларына түсуді көздеп отыр екен. Тіпті вундеркинд баланы байқаған бірнеше жоғары оқу орны тегін грант бөлуге дайын екендіктерін жеткізіпті.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ВУЗы
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир