Алматы хайуанаттар бағы өзінің 80 жылдығын атап өтті

Алматы хайуанаттар бағы өзінің 80 жылдығын атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі ең көне зоологиялық парктердің бірі - Алматы хайуанаттар бағы өзінің 80 жылдығын атап өтті. Бұл күні келушілерге концерттік бағдарлама, түрлі көрмелер, шеберлік сыныптары, конкурстар, аңдарға ашық жем беру ұйымдастырылды. Хайуанаттар бағының алғашқыда орналасу аумағы небәрі 7 гектар болса, кейін біртіндеп ұлғайып, 22 гектарға дейін жеткен. Сондай-ақ бастапқыда коллекцияда небәрі аң мен жануарлардың онға жуық түрі болса, қазір мұнда олардың саны 4 мыңнан асады. Алғашқы келушілерін сонау 1937 жылы қарсы алған тарихи мекеменің айтулы мерекесіне орай қала әкімі Бауыржан Байбек зоологиялық парк ұжымы мен шаһар тұрғындарын құттықтап, оншақты жылдар бойы өз ісінің хас шеберлері атанған қызметкерлерге бағалы сыйлықтар мен диплом тарту етті. Қала әкімі зообақтың бала тәрбиесінде атқарар рөлін де тілге тиек етіп, алдағы уақытта да Алматы хайуанаттар бағын дамыту жұмыстары тоқталмайтыны жайлы айтты.

«Зообаққа келген кезде балалар өздері тірі жануарлармен кездесіп, жалпы көп нәрсені білетін болады. Сондықтан да мына жерде де тек қана осы зообақтың мүмкіндіктерін қоса отырып, тағы  балалардың ойнауына, демалуына жалпы табиғатта болуына көп жағдай жасалған», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Сондай-ақ, қала басшысы зоопарктің географиялық аймақ принципі бойынша 90%-ға жаңаратынын, құрылымы толық өзгеретінін, аңдарды ашық табиғатта қоректіндіру принципінің жүзеге асатынын алға тартты. Айта кету керек, зообаққа келушілер қатары бір жылда 20 пайызға өскен. Бұл хайуанаттар бағындағы оң өзгерістермен байланысты, дейді мамандар. Қаржыландыру да едәуір артқан. Ал зоопарктің өз табысы 300 млн теңге жуық, демеушілік көмек - 140 миллионнан астам көрінеді.


Новости партнеров