Алматы міндетті медициналық сақтандыруға жарна төлеуден республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Осы уақытқа дейін 200 мыңға жуық адам қорға 390 млн теңге ақша аударыпты. Бір ғана Медеу ауданында ірі және шағын мекемелер мен қоғамдық орындарда 70-тен астам кездесу өткізілген. Жалпы 13 мыңнан астам адамға түсіндірме жұмысы жүргізілді. Жергілікті әкімдік міндетті медициналық сақтандыру туралы түсіндіруді жұмыссыз азаматтарға жөнді жеткізуді көздейді. Өйткені, олар ресми жұмысқа орналаспаса, оны өздеріне төлеуге тура келеді. Бұл жылына 16 мың 900 теңгені құрайды. Немесе жұмыспен қамту орталығыннан курс оқып, екі қолға бір күрек табулары тиіс.
«Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыздарға мемлекет тарапынан әлеуметтік сақтандыру көмегі көрсетіледі. Ал егер өзі жұмыс істемейтін адамдар жұмыспен қамту орталығына келіп, тіркеуге тұруы тиіс. Егер олар өздері қамтылатын адамдар болса олар жұмыспен қамту орталығына келіп өз санаттарын белгілеп, өздері үшін ақшаларын төлеуге болады», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар ӘБУОВА.