Алматы жылыту маусымына 85 пайызға дайын. Бүгін қаладағы жылуға жауапты мамандар осындай ақпар таратты. Қазіргі таңда көшелердегі жөндеу жұмыстары аяқталып, қазылған жол тақтайдай тегістелген. Алматы жылу жүйелері мекемесі құбырларды жаңартуды уақытылы бітірдік деп отыр. Сондықтан жылу кешікпей беріледі.
Алматының қылышын сүйреткен қысқа дайындығы қызу. Жөндеу жұмыстарының барлығы жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін біткен. Құрылыс жұмыстары кезінде де ешкім ыстық судан таршылық көрмеді дейді мамандар. Яғни, жұмыстар кезінде уақытша кесте сызылып, тұрғындар басқа су көздеріне қосылып отырған. Қолайсыздық тек көшені қазғанда ғана орын алынған. Ал халық оның уақытша екенін жақсы түсінеді.
«Құбырды ауыстырған кезде әрине, кішігірім қолайсыздық туындады. Бірақ мекеме бізді ыстық судан жаз бойы ажыратқан жоқ. Сол үшін қуаныштымыз. Енді қыс апатсыз өтеді деп сенеміз. Үйіміз жылы болады. Көше тегістеліп жатыр», – деді Елена ЛОКШТЕЙН.
Жөндеу жүргізген мердігер мекемелер жұмыстарына 3 жылға кепілдік береді. Ақау бола қалса бірден жөндеуге міндетті. Қазір тас-талқаны шыққан жерлер абаттандырылып жатыр. Айта кетейік, биыл Алматы жылу жүйесі тот басып, әбден ескірген 13 шақырымнан аса құбырды ауыстырған. Қазіргі таңда барлық тұтынушылар ыстық сумен қамтамасыз етіліп, жөндеу жұмыстары аяқталды. Айта кету керек, мамандар тек отандық құбырларды қолданғандық дейді.
«Қазіргі кезде жылу жүйесінде сырты пластикалық құбырлар бар. Ішінде пенополуретан бар және үшінші қабаты болат жабындымен қапталған. Бұрынғы құбырлар 25 жылға жарамды болса, қазіргі құбырлар 30-40 жылға дейін жарамды болып тұрады. Сырты қорғалып тұратындықтан судың әсерінен тот баспайды, яғни сыртқы ақаулар болмайды», – деді «Алматы Жылу жүйелері» ЖШС техникалық директоры Руслан ӘБЕНОВ.
Жылуға жауапты мекеме жыл сайын кем дегенде, 10 шақырым құбырды ауыстырып отыруды көздейді. Дегенмен, бұл жаңарған құбырдың небәрі, 2 пайызын ғана құрайды. Алматыда жалпы, 1 мың 193 шақырым жылу және ыстық су құбыры болса, оның 736 шақырымы 25 жылдан астам уақыт бойы қолданыста. Яғни, 60 пайызы ескі саналады.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы