Алматы облысы Шелек ауылының тұрғындарын террористердің кепілдігінен босату операциясы өтті. Шұғыл жиналған әскерилер қарулы қақтығыс нәтижесінде қаскөйлерлердің көзін бір жарым сағатта жойды. «Кобальт-2018» халықаралық оқу-жаттығуының желісі осылай өрбіді. Арнайы тактикалық жиын Алматы облысындағы Ұлттық ұланның жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өтті. Есірткі тасымалы мен террорлық әрекеттерге қарсы күресті жетілдіретін жаттығуға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің жедел топтары да қатысты. Беларусь, Армения, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері бірлесе жаттығу өткізді.
«Түрлі оқу-жаттығуларды көрдім, бірақ дәл осындай тиянақты, сәтті өткен ойындарды бірінші рет кездестірдім десем артық болмас. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше барлық елдердің арнайы топтары қатысты. Ұжымға мүше өзге де елдерде осындай іс-шаралардың өткенін қалаймыз», - деді Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бас хатшысы Юрий ХАЧАТУРОВ.
Бұл шара түрлі қауіптерге тойтарыс беру үшін әскери машық пен дайындықты шыңдауға негізделген. Жаттығуға жеке құрамның 700-ден аса әскери қызметшісі, 70-ке жуық жауынгерлік техника, атқыштар және артиллериялық құрылымдардың 500-ге тарта өкілі мен әуе қорғанысының көліктері қатысты. «Кобальт» жаттығулары осыған дейін Ресей мен Армения елдерінде ғана өткен еді.