Алматыда алаяқ емші ұсталды. 48 жастағы келіншек тұрғындарды дәстүрлі емес жолмен емдеп, бал ашамын деп үйінде қабылдаған. Өз клиенттерінің сеніміне кірген балгер арзан бағаға үй алуға көмектесем деп уәде берген. Тіпті банкте кепілде тұрған көліктерді сатып алуға ықпалдасатынын айтып алдаған. Көрсеткен қызметі үшін Ақылова 100 мың теңгеден жоғары сыйақы алыпты, алайда берген уәдесінің бірде-бірін орындамаған. Емшінің арбауына түскен бір тұрғын баспана сатып аламын деп оның қолына 30 мың АҚШ доллар беріпті.
«Қазіргі таңда 4 жәбірленуші полицияға арыздарын түсірді. Бірақ біздің алдын-ала болжамымыз бойынша жәбірленушілердің саны едәуір көп болуы мүмкін. Сондықтан да барлық азаматтарға айтатынымыз, егер осы адамнан зардап шеккен болсаңыз қандай да бір себептермен полицияға шағымданбасаңыз 298-53-00 және 298-53-01 телефоны бойынша хабарлассаңыз болады», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Бостандық ауданы ішкі істер басқармасының қызметкерлері бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген күдікпен тағы бір айлакерді ұстады. Полицейлер соталды тергеу материалдары бойынша 36 жастағы ер адамға бірден бірнеше фирманың өкілдерін алдаған деген айып тағуда. Алаяқ өзін күзет фирмасының қызметкері деп таныстырып, қаладағы компанияларға барып, нысанның қауіпсіздігін сақтауға қызмет көрсетемін деп келісімшарт жасасып, алдын-ала төлемақы алып, тайып тұрған.
«Оның жіті аты-жөнін де ешкім білмеген. Қазіргі таңда мәлім болғандай ол адам бірде-бір күзет фирмасына қатысы жоқ екен. Еш жерде жұмыс істемейтін болып шықты. Ол қамауға алынды. 6 жәбірленушінің арыздары бар. Өндірісімізде қандай да бір тағы да арыздар түсіп жатса, олар міндетті түрде тіркеліп, қосымша қылмыстық істер қозғалатын болады», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.