Алматыда жалғызбасты батыр анаға 3 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Осы уақытқа дейін жалдамалы үйде тұрып келген 10 баланың анасы Айнұр Арғынбековаға «Алматы арена» мұз айдынына қарсы орналасқан Алмалы тұрғын үй кешенінен су жаңа баспана берілді. Демеушілер әрленген үйді қажетті жабдықтармен жарақтандырған. Көпбалалы жанұяға пәтер кілтін қала әкімі Бауыржан Байбек табыстады. Кеуделерін қуаныш кернеген отбасы өз сезімдерін жасырмады.
«Биылғы жылы үйіміз бітіп, қатты қуанып жатырмыз. Менің 10 балам бар. Соның бәрін елеп-ескеріп, Үкіметіміз осындай қуанышқа кенелтіп жатыр қазіргі кезде. Біз сияқты батыр аналарды қолдап-қоршап, бізге үлкен құрмет көрсетіп жатыр. Соған үлкен алғысымды білдіремін», - деді көп балалы ана Айнұр АРҒЫНБЕКОВА.
¤Былтыр Тұңғыш президент күніне орай қала әкімдігі Арғынбековтер отбасына тосын сый жасап, ауданы 75 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтер сыйлаған еді. Алтын алқа иегеріне үйдің құжаттарын сол кезде қала әкімінің өзі табыстаған болатын. Міне, отбасы биыл қолданысқа берілген жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлауда.