Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушылар медальмен марапатталды

Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушылар медальмен марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушылар «Желтоқсанның 30 жылдығы» медалімен марапатталды. Қала басшысы Бауыржан Байбек халықтың ертеңі үшін алаңға шыққан ержүрек ұландардың ерлігін мұқым жұрт жоғары бағалайтынын айтты. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлығы - биыл Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мерейлі датаға орай, Алматы әкімі «желтоқсандық» ұйым басшыларымен жолығып, оларға құрмет көрсетті. Мерекелік кешке мәслихат депутаттары, жоғары оқу орны студенттері мен саяси партия өкілдері қатысты.


«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» монументінің ашылуындағы сөзінде: «Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсан - Қазақстан тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұған ұлтшылдық сипат беруге талпыныстар жасалып, ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады» деп атап өткен болатын», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.


Алматыда қазақтың қайсар ұланы Қайрат Рысқұлбеков пен жаужүрек қыз Ләззат Асанованың атында көшелер бар. Ал, биыл Елбасы пәрменімен Ербол Сыпатаевтың есімі шаһар орталығындағы көшелердің біріне берілді. Бүгінде ел билігі «Желтоқсанға» қатысқандарға мүмкіндігінше әлеуметтік және материалдық тұрғыда қолдау көрсетіп келеді. Алматыда жыл басынан бері оқиғаның 30 жылдығына орай 270-тен астам іс-шара өткізіліп, оған 33 мыңға жуық адам қатысқан.


«Елбасының еңбегін өте жоғары бағалаймыз, саясатын қолдаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қаншама ата-бабаларымыз армандап кеткен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан Тәуелсіздікті қадірлейік», - деді «Желтоқсан» оқиғасына қатысушы Талғат РЫСҚҰЛБЕКОВ.


«Мен жүрген жерімде, жастардың арасында Елбасымен мақтанатынымды, мадақ тұтатынымды айтып жүремін. Өйткені біз 1991 жылы егемендік алдық, 11 желтоқсан күні Мәскеуде Кеңестер Одағының жиыны болып, Тәуелсіз ел болып бөлініп шықтық. 12 желтоқсанда Елбасымыз елімізге келе салысымен 540-шы Жарлықты шығарды. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысқан барша азаматтар мен азаматшыларды ақтау туралы болатын», - деді  «Желтоқсан» оқиғасына қатысушы Гүлбаһрам ЖҮНІСОВА.


Новости партнеров