Алматыда жылу жүйелері толығымен күзге дейін ауыстырылады

Алматыда жылу жүйелері толығымен күзге дейін ауыстырылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Жылу жүйесі қыркүйек айына дейін толығымен бітеді. Ал трамвай желілері болса 1-ші шілдеге дейін алынып тасталады.

Жылуға жауаптылар биыл құбырларын жаңартуды мамыр айының соңында бастап кетті. Қазір жұмыстың жартысы бітіп қойған. Қыркүйек айына дейін жылу жүйелері толығымен ауыстырылып, жылыту маусымына сақадай дайын боламыз,- дейді «Алматы жылу жүйелерінің» мамандары.

«Осы жылы 12 шақырымда жылу жүйелерін жаңартамыз деген жоспар болған. Қазіргі уақытта, 7 ақырымы аяқталуға жақын. Барлық жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін бітеді»,-деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС баспасөз жетекшісі Наталья ИНКИНА.

Осы күні қаланың бірнеше ірі көшелерінде жылу жүйелерінің жаңаруына байланысты көлік қозғалысы уақытша шектелген. Мәселен Қарасай батыр көшесінде, Наурызбай батырдан Чайковскийға дейін, Бөгенбай батыр көшесінде, Мұқановтан Розыбакиевке дейін қозғалыс қиындатылған. Сонымен қатар Пушкин, Жамбыл, Чайковский, Құрманғазы көшелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Шагабуддинов көшесі, Құрманғазыдан Абайға дейін жабық.

Сонымен қатар Төле би көшесінде, Өтеген батыр мен Түркебаев көшелерінің аралығында жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Аталған аумақта көлік қозғалысы қиындатылған. Сондықтан бағыттарыңызды алдын ала жоспарлап алғандырыңыз абзал. Мұндағы жөндеу жұмыстары шамамен тамыз айының біріне дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жылу жүйелерімен қатар қалада трамвай желілері де алынып жатыр. Жароков пен Байтұрсынов көшелері рельстерден толықтай арылды. Қазір Мақатаев көшесіне төселген шойын жолдар алынуда. Аталған жұмыстың соңғы кезеңдері ғана қалыпты. 

«Байтұрсыновтан Назарбаевқа дейін бүкіл рельстер алынып тасталды. Асфальт төселді. Транспорт уже жүріп жүр. Қазір осы айдың аяғына дейін біз жоспарлап отырмыз  Назарбаев пен Пушкиннің арасын демонтажды бітіріп, асфальт салып тоже жоспар бойынша бітіру керек»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрзат ОРДАБАЕВ.

Мердігер компания жөндеу жұмыстарын шілденің біріне дейін аяқтаймыз деп отыр. Әрі қарай жүргінші жолдары жасалады. Мұнда 60 жұмысшы мен 20-ға жуық техника жұмылдырылған.

Өмір Әнуарбек, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы. 


Новости партнеров