Алматыда періштесі қағып, қарақшылардың оғынан аман қалған полицей бар. Осыдан 12 жыл бұрын қандықолдар оған шабуыл жасап, кеуде тұсына оқты қарша боратқан екен. Алайда, қауіптен қаймықпаған тәртіп сақшысы әлгі атыста мүлде жараланбапты.
Бұл бүгінгі күннің батыры - Еркеш Өтегенұлы. Қазақ армиясына деген бала күнгі қызығушылығы оны қауіп-қатері көп полиция қызметкері болуға жетеледі. Әке жолын қуып, асқақ арманына жетті. Әрбір таңы «бүгін не болар екен» деген жауапсыз сұрақтан басталатын. Тәуекелге бел буып, таңдаған жұмысы оның өмірін жалмамақ та болды.
Осыдан 12 жыл бұрын Алматы қаласы Әуезов ауданының Ішікі істер басқармасына ұры-қарыға тап болған азамат қоңырау соғады. Шұғыл топ дереу оқиға орнына жетіп барады. Қылмыскерді ұстау барысында полицей Мырзағалиевтің аяғына екі рет, кеуде тұсына екі рет оқ атылды. Періштесі қаққандай, бұл жолы да аман қалды. Атылған оқ қызметтік куәлігін тесіп, кеудесін жанап өтіп, жүрек тұсындағы терісіне ғана тиген. Дәл осы куәлігі оның өмірін сақтап қалды. Бүгінде құны кез келген дүниеден қымбат құжат мұражайда сақтаулы тұр. Жан алысып, жан беріскен ерлігі үшін инспектор Мырзағалиев «Айбын» орденімен марапатталды. Атақ үшін емес, абырой үшін қызмет еткен ол бүгінде өз еркімен отставкаға кетіп, қазір кәсіпкерлікпен айналысып жатыр.
«Бала күндік арманым ғой. Өз әкем де 25 жыл жол полиция қызметкері болды. Қонаевты алып жүрді. Одан кейін мектеп бітіріп, полицияға жұмысқа ниеттендім. Халқыма адал қызмет жасаймын деп кірдім негізі. Өкінебеймін полицияда жұмыс істегеніме», - деді отставкадағы полиция аға лейтенанты Еркеш МЫРЗАҒАЛИЕВ.
Мандатты міндетті мүлтіксіз орындау барысында 2001 жылдан бері елімізде 800-ден астам полиция қызметкері көзі жұмған екен. Барлығы дерлік жұмыс барысында жан тәсілім етіпті. Оның 40-қа жуығы Алматы қаласында тіркелген. Бас-аяғы шейіт болған 200 шендіге арнайы орден беріліпті. Айта кетерлігі, бүгінде құзырлы орган қызметкерлері қаралатын арнаулы медициналық орталық жетіспейді. Ардагер полицейлер осы өтінішіміз жерде қалмаса екен деп тілек білдірді.
«25 жылда 968 қызметкер шейіт болды. 3 мыңнан астамы жарақаттанды және де мүгедектер көп. Полиция қызметкері біледі осындай қиын қызметке келгенін. Салыстырмалы түрде, Беларусь мемлекетінде 6 арнаулы медициналық ұйым бар. Олар реабилитация жасайды. Ал біздің елде сол керекті деңгейге көтеріле алған жоқ. Біздің ардагерлер атынан министрілікке осындай сұрағымыз бар», - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Асыл-кеней САҒЫНЖАН.
Құзырлыларды көрсе қитұрқы әрекетке басатын бұқара да жоқ емес. Өткен жылы Алматыда полиция қызметкерінің өзіне 7 рет шабуыл жасалған оқиға тіркелген. Оңтүстік астана тыныштығын тәуілігіне 3 мың шенді қадағалайды. Ал полиция қызметкерінің көмегіне тәуілігіне 3 жарым мыңға жуық Алматылық мұқжат болып, 102 нөміріне хабарласады екен.
Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы