Алматыда Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында көрме ашылды

Алматыда Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында көрме ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Екі әлем-екі тағдыр». Осындай атаумен Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында көрме ашылды. Алан Мұхитдинов пен Әлібек Қаратайдың 100-ден астам туындылары көпшілік назарына ұсынылған.

Ешкімді бейтарап қалдырмайтын картиналар көрме залында мен мұндалап тұр. Өмірге деген көзқарастары ерек екі бозбаланың шығармашылығын тамашалауға келгендер де аз болмады. Аутизммен ауыратын жеткіншектер шығармашылықпен ерте жастан айналысады. Табиғатынан ерекше жаратылған жігіттер пластилиннен мүсіндер құрастырып, түрлі сюжет ойлап тапқан. Мультфильм кейіпкерлерін қағазға түсіріп, сценарий жазады. ӘЛІБЕК кескіндемемен айналысса, Алан түрлі бояулармен сурет салуға әуестенген. Олар компьютер тілін де өте жақсы меңгеріпті. 

«Диагнозын бірден білмедік. Екі жарым жасқа келгенде ғана ойлана бастадық. Бір жылдай бұл диагнозды айтпады бізге. Осындағы «САТР» центрінен осындай диагнозы бар екенін бірінші рет естідік. Неше түрлі мультфильм кейіпкерлерін есте сақтап, өзі де соларды жасауға тырысады»,-деді Әлібектің әжесі, Шәрбану ҚАЛИҚЫЗЫ.

Әбілхан Қастеев атындағы Орталық музей әлеуметтік маңызды жобаларға үнемі атсалысып отырады. Мұндай шаралар ерекше дарынды балаларға өмірден өз жолдарын табуға көмектеседі. 

«Алан мен Әлібектің жастары он тоғызда және олар нағыз шығармашыл жандар. Ерекше қабілеттері бала кезден байқалған. Бұл жай көрме емес, балаларды қоғаммен байланыстыру. Біз осы арқылы басқа әлемді танимыз, өмірге жаңа көзқараспен қарай бастаймыз»,-деді Ұйымдастырушы, Наталия БАЖЕНОВА.

Аутизм - бүгінгі күні мамандардың назарын өзіне аударған жұмбақ құбылыстардың бірі. Елімізде осы дертпен ауыратын балалар саны соңғы 10 жылда 20 есеге өскен. Дұрыс диагноз қойылмағандықтан, олардың саны жыл сайын артып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, аталған дертпен ауыратын жасөспірімдердің барлығы дерлік талантты бола бермейді. Сондықтан, «осындай» ерекше балаларға қоғам тарапынан қолдау керек. Айта кетейік, Алматылықтар көрмені қаңтар айының соңына дейін тегін тамашалай алады.

Мөлдір Қуатқызы, Влад Шишко, "Алматы" телеарнасы

 

Новости партнеров