Алматыда құлтемір құрастырудан ашық чемпионат өтті

Алматыда құлтемір құрастырудан ашық чемпионат өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда осымен 5-ші рет дәстүрлі түрде құлтемір құрастырудан ашық чемпионат өтті. Халық Аренада өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен  бас-аяғы 315 команда жиналды. Айтпақшы, биыл додада алғаш рет бас жүлдеге Алматы қаласы әкімінің кубогы тігілді. Оны командалық есепте көбірек ұпай жинаған команда иемденді. 

Бұл күн сәулесінен энергия алып, содан шаңырағы қуатталатын, ал есігі айди карта арқылы ашылатын смарт киіз үй. Интерактивті кешеннің ерекшелігі сол, киіз үй ортасынан бірнеше бөлмеге бөлініп, жылжымалы платформа арқылы қозғалады. Яғни, пульт арқылы оны басқарып, өзіңіз қалаған бөлмеге кіруге мүмкіндік бар. 3-ші сынып оқушылары жобаға 2 айға жуық уақыт жұмсапты. Ойлағандары жүзеге асса, онда киіз үйге деген қызығушылық артып, ата дәстүр ешқашан ұмытылмайтын еді, дейді өнертапқыштар.

«Екі датчикпен жұмыс жасайды. Домофонның кілті арқылы есігі ашылады механизмі. Екінші мына карточка арқылы ішінде екі бөлме бар. Сол бөлмеде кухнямыз залға айналады. Цифрлық технологияны қолдану арқылы біз бөлменің жаңағы бөлмені үлкейту туралы. Бөлменің үлкендеуі туралы», - деді  жоба жетекшісі Гүлшат ҚАСЫМ.

Ашық чемпионатқа былтыр 220 топ қатысса, биыл бұл сан еселене түскен. Жарыста 73 команда инженерлік жоба әкелсе, елуі бағдарлама ойлап тауыпты. Ал 147 команда жасаған құлтемірлерін көрсетіп, көпті таң қалдырды. Бір қызығы, инновациялық додаға қатысушының ең кішісі 7-де болса, ен үлкені небәрі 21 жаста. Инновациялық жобаларға қызығушылық танытып, ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген жастарға қала әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев тәнті болды.

Чемпионатқа мектеп, үйірме, колледж және университет студенттері қатысты. Екі күнге созылған ашық чемпионаттың жүлде қоры - 2 миллион теңге. Оған қоса, қос университетте екі ректор оқу гранты ұтысқа тігілді. Сондай-ақ жобаның демеушілерінің бағалы сыйлықтары да дайындап қойған. Жобаларды бағалайтын 100 қазы әр түрлі саланың мамандары. Олар ақылды техниканың болашақта іске жарауы секілді бірнеше критерийге мән беріпті.

«Біздің чемпионаттан шыққан бірнеше жобалар бизнесте енгізіліп, нәтиже беріп жатыр. Тың жұмыстарды оқушылар ұсынған. Жыл сайын осындай пайдалы жобалар жүзеге асып келетіні қуантады. Жұмыстар күрделеніп, шынында да адам өмірін жеңілтетіні бастағаны байқалады. Мысалы, алғашқы жылдары легодан жасалған, оңай дүниелерді, жер суғаратын құрылғыларды әкелсе, қазір ақылды үй, ақылды жылыжай жобалары бар», - деді Алматы қаласы білім беру саласындағы жаңа технологиялар орталығының директоры Андрей ДУПИК.

Сонымен 2 күнге созылған ашық чемпионатта Алматы әкімінің кубогына Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ие болды. Ұтысқа тігілген қос грантты қаланың екі мектебі өзара бөлісіп алды.


Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров