Алматыда тастаяқтан әлем чемпионаты өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тастаяқтан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жер жаһаннан келген хас шеберлер «динамикалық пирамида» бойынша кім мықтыдан кіл мықтыны анықтауда.

27 жастағы Әлихан Қаранеев 3 дүркін әлем чемпионы. Бильярдқа кішкентайынан қызығады. Осы жарыста да топ жарам деп отыр. Алайда, әлсіз қарсыластың жоқ екенін айтады. Бірақ дүбірлі доданың Алматыда өтіп жатқаны - қосымша күш береді дейді.

«Бұл жарысты жеңу - мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан мен чемпион болуым үшін барымды саламын. Жанкүйерлердің үмітін ақтаймыз деп ойлаймын. Қазақстан осы чемпионатта командалық есепте бірінші орын алып, кубокты өзімізде алып қалуымы керек. Дүбірлі додаға әлемнің кіл мықтылары келген. Әлсіз деп қарауға болмайды. Әрқайсысына тыңғылықты дайындықпен шығамын», - деді Бильярдтан әлем чемпионы Әлихан ҚАРАНЕЕВ.

Қазақстан бильярд федерациясы Әлиханнан өзге де спортшыларымызға үлкен сенім артамыз дейді. Отандастарымыздың осал емес екенін айтады.

«Біздің ұлттық құраманың дайындығы жоғары деңгейде. Сондықтан жеңіске жетеміз деген ойдамыз. Жарысқа еліміздің атынан екі әлем чемпиондары қатысып жатыр. Әлихан Қаранеев пен Ернар Шымбаев өткен жарыстарда керемет көрсеткіштерге қол жеткізді. Бірнеше дүркін әлем чемпиондарын жарыс жолынан шығарып тастаған болатын. Біз бұл жігіттерден тек алтын күтеміз», - деді ҚР Бильярд федерациясының вице-президенті Мақсат ДАУЫЛБАЕВ.

Әлем біріншілігіне 19 мемлекеттен келген 100-ге жуық спортшылар өзара мықтыны анықтайды. Жарыстың жүлде қоры 12 млн теңгені құрайды. Мықты командалар қатарында біздің құрамадан бөлек Ресей, Беларусь, Украина және Қырғызстан бар.

«Мен бұл жарыста фаворит деп 10 мықты спортшыны атар едім. Қазақстандық қатысушылардың арасында мықтылар көп. Оның үстіне өз жерлерінде болып жатқаннан кейін, оңайырақ болады деп ойлаймын. Спортшылар психологиялық тұрғыда жоғары дайындықпен шығулары керек», - деді РФ Бильярд спорт федерациясының вице-президенті Александр ПУХЛЕНКО.

Дүбірлі додаға 64 ерлер және 32 әйелдер командалары қатысады. Әлем біріншілігі Алматыда 8 сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейін, байрақты бәсеке Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.


Өмір Әнуарбек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров