Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Ауғанстанның солтүстігіндегі саяси жағдайға алаңдаулы. Ұйымға мүше алты мемлекеттің министрлері бүгін Алматыға жиналып, заңсыз миграция, есірткі мен лаңкестікке қарсы күрес сынды барлығы 12 тақырыпты ортаға салды. Көбіне жабық есік жағдайында өткен отырыста ДАИШ содырларының Ауғанстанның солтүстік провинцияларына кірмекке әрекеттенуі де сөз болды. Қауіпті аймақпен көрші орналасқан Тәжікстанның шекарасын нығайту үшін ұйымға мүше елдер жан-жақты мүмкіндіктерді қолға алмақ. Министрлердің кездесуінде орта және жақын қашықтықта әрекет ететін зымырандарды жою туралы келісім жөнінде де бірлескен мәлімдеме қабылданды.
«Біз Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымның күзде өтетін саммитінде Президенттер қозғайтын маңызды құжжаттар жөнінде келістік. Жиын Қазақстанның жетекшілігімен өтеді. Қазақстанның биыл ұйымға төрағалық етуімен қоса, БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне де қатысуы - еліміз үшін үлкен жауапкершілік»,-деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ
Бұған қоса министрлер Бірікен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік мүддесіне сай қызмет ету жөнінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымның хатшылығы дайындаған жол картасын да талқылады. 2002 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан ұйымның басты мақсаты аймақтың қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз ету. Оған Қазақстанмен қоса Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері де мүше. Ұжымға мүше елдер әскери техникаларды жеңілдетілген бағамен де өзара саудаласа алады. Биыл еліміз аталған ұйымға төрағалып ете отырып, Астанада КАДЕХ қару жарақ көрмесін, Алматы облысында алты ел әскерлерінің қатысуымен бірлескен оқу- жаттығу өткізді.