Алматыдағы Әуезов ауданындағы 50 аула толықтай түрленеді

Алматыдағы Әуезов ауданындағы 50 аула толықтай түрленеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының ескірген аулалары жаңаруда. Жыл соңына дейін Әуезов ауданындағы 50 аула толықтай түрленеді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 350 млн теңге бөлініпті. Мамандар бүлдіршіндерге арналған ойын алдаңдарын тұрғызып, спорттық жабдықтар орнатады. Аулалардың дені бейнебақылау камераларымен жабдықталады. Бұл - тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті күшейтуге септеспек. Сондай-ақ, аулалардың айналасы абаттандырылып, кәрі ағаштар оталады.


Айдын Мұсабеков осы үйдің тұрғыны. Алғаш көшіп келгенінде аула сияқты аярлық еді. Ағаштардың аңқасы кепкен, әткеншектердің жұлым-жұлымы шыққан. Әудем жерден құдды тастанды тұрақтай көрініпті. Мұндайға көндіге алмаған Айдын, кейін өз қаражатына ауланы жаңартуды ойлайды. Аудан әкімшілігінен рұқсат алып, жаңа жабдықтар алады. Қазір ауласы айнадай, көршілері де дән-риза.

«Алдымен көлік қоятын тұрақтарды қалыпқа келтірдік. Көршілерім көмектесті. Алғашында, бастамама қырын қараған еді. Қазір ризашылықтарын айтып жүр. Кесілген ағаштардың орнына шырша ектік. Жолдарын жөндедік. Ереже белгілерін орнаттық. Темір жақтауларға ою салдық. Ал, аула қауіпсіздігін күшейту үшін екі бірдей камера орнаттым. 3 жылда біздің аула осылайша құлпырып шыға келді»,- деді Айдын МҰСАБЕКОВ.

Үш жылдан бері ауланы жаңарту әлі де жалғасып келеді. Төңіректегі тұрғындар алматылық азаматтың ерен еңбегін елемеске болмас,- дейді. Ендігі мақсат - тұрғын үйдің артқы жағындағы бос жатқан алқапқа спорттық алаңқай тұрғызу. Әзірге ол құрылысқа рұқсат алынған жоқ.

Әуезов ауданындағы аулаларды түрлендіруге қала билігі де ат салысуда. Биыл жергілікті қазынадан 350 млн теңге бөлініп, сол қаражатқа 50 аула жаңартылады. Жұмыстар осы айдың басында басталып кеткен. Мамандар жыл соңына дейін белгіленген жоспарды толықтай орындауды көздеп отыр.

Әуезов ауданында жаңарған ауланың бірі осы. Бұрын бұл орын адам көргісіз еді. Жер-жерде тау болып үйілген қалдықтар жататын. Көліктер қиқы-жиқы, ретсіз қаңтарылатын. Ал қазір барлығы басқаша. Балалар ойнайтын алаңқай, дене шынықтыруға арналған жабдықтар, тіпті, баскетбол ойнауға арналған алаң да бар мұнда. Ал, ауладағы қауіпсіздік қос қапталға ілінген бейнебақылау камералары арқылы бақыланып тұрады.

Экологтар аулаларды жаңарту кезінде көріктендіру ережелері қатаң сақталады,- дейді. Сау ағаштарға балта жүзі батпайды. Тек түптерінен шірігендері оталады. Осылайша, қаладағы кәрі желектердің де саны қысқаруда.

«Аулаларды жаңартатын компаниялар бізден арнайы рұқсат алады. Олар кесетін ағаштардың тізімін жасап, санын көрсетеді. Кейін, оталған ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызылады. Барлығы талапқа сай»,- деді Алматы қаласы Әуезов ауданы қоршаған ортаны қорғау және экология бөлімінің басшысы, Ғалия ТӨЛЕГЕНОВА.

Қазір Әуезов ауданында 966 аула бар. Олардың жартысынан көбі әлі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан,мамандар жаңарған аулаларға тұрғындар ұқыптырақ қараса деген уәж айтты.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров