Алматылықтар алдағы қыста картоптан қысылмайды. Оңтүстік астаналықтарды Керекулік кәсіпкерлер арзан өніммен қамтамасыз етпек.
Павлодар облысындағы фермерлер биыл Алматыға 20 мың тона картоп жөнелтуді жоспарлап отыр. Алматы қалалық әкімдігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және павлодарлық өндірушілермен үш жақты меморандум жасалды. Осы келісімнің арқасында тұрғындар өнімді нарық құнынан 15 пайыз төмен бағамен сатып ала алады.
«Алматы қаласының нарығы өте үлкен. Біз отандық тауар өндірушілерді саудамен қамтамасыз ету үшін қазіргі таңда үш жақты меморандумға қол қойып отырмыз. Кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілер үшін нарыққа тиімді және ыңғайлы, қолайлы шарттар ішінде орналасып, олардың тауарларын сату мүмкіндіктерін қарастырып отырмыз», – деді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аппарат жетекшісі Нұрлан ҚАБЫШТАЕВ.