Алматының Түрксіб ауданында мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті

03.11.2017 22:29

Алматының Түрксіб ауданында мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті. Келушілерге, ең көп сұранысқа ие 15 мемлекеттік орган өкілі қызмет көрсетті. Мамандар денсаулық сақтау, білім, жер қатынастары, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, сәулет және басқа да салаларда мемлекеттік қызмет алудың тәртібін түсіндірді. Жәрмеңкені өткізудегі мақсат – азаматтарға электронды түрде көрсетілетін қызметтердің санын көбейту.

«Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері отыр. Өздерінің арнайы компьютер базаларымен кез келген азамат электронды кілт алады. Электронды кілтпен 20 түрлі мемлекеттік қызмет алады. Мекен-жайы туралы анықтама бар, жылжымайтын мүлігі бар туралы ақпарат. Мысалы, биыл 10 айда Алматы қаласы бойынша, 9 млн мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 40 пайызы электронды. Біздің мақсатымыз, сол 40 пайызды көбейту», - деді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Нұрбол БЕЙСЕКОВ.

Мұндай жәрмеңке қалада бұған дейін де ұйымдастырылған болатын. Оған мыңға тарта адам қатысып, тиісті кеңесін алған. Шараны ұйымдастырушылар енді мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесін дәстүрге айналдырып, жыл соңына дейін қаланың әр ауданында ұйымдастырмақ. Жәрмеңке болатын күн халыққа алдын ала хабарланады. Айта кетейік,  Алматы қаласындағы 478 мемлекеттік орган 353 қызмет түрін көрсетеді.