Ресейде 48 адамды құтқарған қазақ жігіті Малаховтың шоуына қатысады

Ресейде 48 адамды құтқарған қазақ жігіті Малаховтың шоуына қатысады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Танымал ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов жанып жатқан автобустан 48 жолаушыны құтқарған Семей тұрғыны Ержан Омархановты бағдарламасына шақырды, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

Андрей Малахов жүргізетін «Прямой эфир» ресейлік ток-шоуына қатысуға күрес бапкері осы аптада аттанады. Жолға және жүріс-тұрысына кететін қаражатты телеарна басшылығы өз мойнына алып отыр.

«Андрей Малахов бағдарламасының редакциясы хабарласып, эфирге шақырды. Келісімімді бердім, осы аптада бағдарламаға қатысуға барамын», — деп хабарлайды Ержан Омарханов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетсек, автобус өрті тамыз айының төртінен бесіне қараған түні болған еді. 50 жолаушы мінген Семей — Новосібір бағдарлы автобусы жолда келе жатады. Түнгі үш кезінде Ресей аумағындағы Алейск ауылына жақын жерде 37 жастағы қазақстандық бірінші болып автобус қозғалтқышының тұтанғанын сезген.

Ер адам бірден жүргізушіге хабар беріп, жолаушыларды оята бастайды. Көліктің есігі мен терезесін бұзып, адамдарды біртіндеп шығара берген. Қас-қағым сәтте көліктің іші отқа оранып, түгі қалмай жанып кетті. Семейлік жігіттің батыл іс-әрекетінің арқасында жолаушылардың бәрі дін аман қалған.

Адамдарды әуелі Барнауылға жеткізіп, кейін Новосібірге апарған. Омарханов бірнеше күні қалада болып, сол жерде елге қайту үшін құжаттарын қалпына келтіруге көмек алыпты.

Ресейге көлік сатып алуға аттанған Омархановтың бар ақшасы автобуста жанып кеткен болатын. Ресейлік автостанцияның басшылығы соманың біраз бөлігін 15 тамызға дейін аударуға уәде берді.




Новости партнеров