|
15.09.2018 | 17:00
16921

«Алматыда әлемдік деңгейдегі нысандар сала алдық» – ардагер сәулетші

«Алматыда әлемдік деңгейдегі нысандар сала алдық» – ардагер сәулетші

Тамаша табиғатымен, өзен-суымен, нарттай алмасымен талайды тамсантқан Алматы – көп жанның сүйікті қаласы. Ару қала өткен ғасырдың 60-шы жылдарында-ақ зәулім ғимараттарымен, көз тартар сәулетімен танымал болды. Сол Алматының бүгінгі бейнесі тіптен бөлек. Алатау баурайында жатқан ғажап қала кеше қандай еді?

«Өткен ғасырдың 60 -70-ші жылдары Алматы Кеңес Одағындағы ең танымал қалалардың бірі болды. Ол кезеңде Республика сарайы, «Қазақстан» қонақүйі, Алматы циркі және «Медеу» мұз айдыны сияқты тек Одақ көлемінде емес, әлемдік деңгейдегі нағыз сәулеті келіскен нысандар пайда болды. Сондай-ақ, ару қаламыз жасыл желегімен де, апорт алмасымен де әйгілі еді еді», – деді Қазақстанның еңбек сіңген архитекторы Алмас ОРДАБАЕВ.

Алмас Ордабаев – әсем қаланың сәулетіне үлес қосқан сәулетшінің бірі. Архитектор мегаполистегі «Самал» тұрғын үй ауданы, Ғалымдар үйі сынды әлі күнге маңызын жоймаған нысандар мен көптеген тарихи монументтердің авторы. Көпшіліктің сүйікті жеріне айналған мына Жаңа алаңның абаттандыру жобасын жасаған да осы сәулетші.

«Жаңа алаң мен үшін қызық тәжірибе болды. Ол кезде майда-шүйде нәрселердің өзіне дейін Одақтың шешіміне тәуелді едік. Қаржысы 5000 сомнан асатын әр нысанды Мәскеумен келісу керек болатын. Ол жұмысты тежейтін. Сондықтан түрлі айла-тәсілді қолдануды да үйрене бастадық. Бір нысанның өзін бірнеше нысанға бөліп жасайтынбыз. Мәселен, біз тұрған алаңды Кеңес Үкіметі кезінде 20 нысанға бөліп жасадық. Ал кейін, Тәуелсіздік алған кездегі еркіндік сезімі біз үшін естен кетпестей болды», – деді Алмас ОРДАБАЕВ.

Ардагердің қолындағы мына құрылыс нобайы – бүгінгі біз көріп жүрген Ғылым ордасының сызбасы. Ғимарат соғыстан кейінгі жылдары салынған. Кеңес Үкіметі кезіндегі құрылыс материалдарының жетіспеушілігі талай қолға тұсау болды дейді сәулетші.

Алматы дегенде, алдымен көз алдымызға келетін орынның бірі – Көктөбе. Екі жыл бұрын жаңартылған аспалы жолда 8 адам сыятын 17 кабина жұмыс істейді. Небәрі, 5 минутта жоғарғы стансаға жетесіз. Ал бұрын мұнда тек екі кабинада 20 шақты адам тұрып келетін.

Әлемдегі ең биікте орналасқан көзбен шолу доңғалағы дәл осы Көктөбедегі аттракцион екен. Оның ең биік нүктесіне жеткен кезде, сіз теңіз деңгейінен 1136 метр биіктікті сезіне аласыз. Сондай-ақ, әсем Алматыны тамашалап, ләззат алуға болады.

«Бұрынғы ескі ғимараттардың орнына жаңадан жақсы-жақсы ғимараттар салынды. Жүретін баспалдақтарына дейін ыңғайлы етіп, келген демалушыларға да арналған көп демалыс орындары пайда бола бастады», – дейді Алматы қаласы Наурызбай ауданының сәулетшісі Қадырберген АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ. 

«2007 жылы Көктөбедегі ойын-сауық бағының аумағында әйгілі «Beatles» рок-тобына арналған ескерткіш ашылды. Қоладан құйылған «битлздықтар» орны – келушілердің ең сүйікті жерінің бірі. Бұл өте ерекше мүсін. Кез келген адам бұл мүсінмен суретке түскенде, өзін бесінші битломан ретінде сезіне алады», – дейді «Көктөбе» саябағының даму жөніндегі маманы Ғалия МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ.

Күнделікті қарбаласпен жүріп, кейде қаламыздың қалай өзгеріп жатқанын байқамаймыз. Соңғы 10 жылдың өзінде Алматыда талай нысан қайта жаңарып, жаңа ғимараттар пайда болды. «Есентай Молл», «Нұрлы тау» сынды алып бизнес орталықтары бой көтеріп, көгілдір күмбезді Алматы Орталық мешіті, Шаңғы трамплиндері кешені пайдалануға берілді. Алматы метросының алғашқы бөлігі де осыдан 8 жыл бұрын ашылды.

Қазіргі Алматы – Шығыс пен Батысты ұштастырып отырған ірі мегаполис.  Алматы – жастардың асқақ арманына қанат бітіріп, биік мақсаттарға жетелейтін қала. Ару қаланың тарихы ғасырдан ғасырға жалғаса бермек. Туған күніңмен, Алматы!

Тоғжан Аман, Рашит Шүкірәлиев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир