Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арменияда ереуіл жалғасып жатыр. Демалыс күні Ереванның орталығына мыңдаған наразылық білдірген адам жиналды. Олар он жыл бойы билікте отырған экс-президент Серж Саргсянның премьер-министр қызметінен кетуін талап етуде. Тәртіп сақшылары күндіз шеруге шыққандарды таратуға тырысқан. Тіпті, таяқ пен түрлі құралдар қолданып, алаңдағы адамдарды үркітіп көрген. Құзырлы орган өкілдері митинг кезінде 280 адам мен 3 оппозиция өкілдерін ұстап әкеткен. Ал 7 адам зардап шегіпті. Полицейлер ұстағандардың қатарында депутат Никола Пашинян да бар. Ол бұған дейін жаңадан сайланған премьер-министр Серж Саргсянмен кездескен болатын. Бірақ келіссөздер сәтсіз аяқталған.

«Бұл келіссөз емес, сұхбат емес, заңды билікті бопсалау. Егер сіз осы әрекетіңізді жалғастыра берсеңіз, жауапқа тартыласыз. Сондықтан заңды салаға оралып, саналы түрде әрекет етуге кеңес беремін», - деді  Арменияның премьер-министрі Серж САРГСЯН.

«Ешкім бізді қоқан-лоқы көрсетіп, мәжбүрлеп тоқтата алмайды. Сіз елдегі жағдайды білмейсіз. 10-15 күн бұрынғы жағдаймен салыстырмаңыз. Армениядағы билік халықтың қолында!» - деді оппозиция өкілі Никол ПАШИНЯН.

Айтып өтсек, Армениядағы наразылықтар 12 сәуірде басталған. Халықты Серж Саргсянның премьер-министр лауазымына тағайындалуы ашындырған. 2015 жылы ол президент тағында отырғанда Конституцияны өзгерткен еді. Енді Армения парламенттік басқару формасына көшіп, елді Премьер-министр басқарады. Бұған дейін Серж Саргсян осы лауазымда отырмауға және президент болмауға уәде берген еді. Ол билікте 10 жылдан бері қызмет етуде.


Новости партнеров