АрМИ-2018: халықаралық жарыстың алғашқы жеңімпаздары анықталды

АрМИ-2018: халықаралық жарыстың алғашқы жеңімпаздары анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда өтіп жатқан әскери ойындардың алғашқы жеңімпаздары анықталды. Кеше Мәтібұлақ полигонында «Сұңқар салу» сайысының соңғы кезеңі өткен болатын. Аталған жарыс түрінен біздің сарбаздарға тең келер команда болмай шықты.  

Жалпы командалық есепте еліміздің жауынгерлері бас жүлдеге ие болса, ресейліктер күміспен күптелді. Ал үздік үштікті Беларусь командасы түйіндеп тұр.

Жүлделі орынға іліге алмаған Иран сарбаздары әуе аппараттарының ақауына байланысты жақсы нәтиже көрсете алмадық дейді. Бірақ осы жарыстан көп нәрсе үйреніп, тәжірибе алмасқандарын айтады.  

«Ұшқышсыз басқарылатын әуе аппараттары арасындағы жарыста Иран командасы соңғы орынды алып қалдық. Алайда жарысқа қатысудағы басты мақсат бас жүлде алу емес. Тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдау болып табылады ғой. Қазақстанда өткен әскери ойындардың ерекшелігі – мұндағы жарыс түрлерінің әлемдік стандарттарға сай болуы. Бұл біздің кәсіби деңгейімізді көтеруге үлкен үлесін қосады. Берілген тапсырмалардың бәрі шынайы өмірдегі жағдаймен сәйкес келіп отырды. Осындағы жаттығуларды орындау арқылы біз біраз тәжірибе жинадық», – деді Иран Ислам Республикасы Әуе күштері ұшқышсыз әуе аппараттар бөлімінің қолбасшысы Ахмад АХМАДИ.

Бүгін қалған екі жарыс түрінен финалдық кезең өтті. «Сенімді қабылдау» сайысында сарбаздар осыған дейін бөлмеде отырып ақпарат қабылдаған болса, ақтық сында полигонға шығып, эстафеталық сайыста бақтарын сынады. Ал «Артиллериялық оқ ату шеберінің» ақтық сынында алты команданың кіл мықтылары анықталды.

Қос сайыстың қорытындылары жарыс аяқталған соң есептеледі.

Айта кетейік, байрақты бәсекенің жеңімпаздары ертең салтанатты түрде марапатталмақ.


Новости партнеров