«Астана мюзикл» ұжымы әлемнің мәдени астаналарындағы көрерменді тамсандыра білді! «Рухан жаңғыру» аясында Еуропада өнер көрсеткен шығармашылық топ жақында гастролдік сапармен елге оралған еді. Шығармашылық ұжым болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.
Париж, Кан, Брюссель, Вена және Мәскеу. Әлемнің бес мәдени астанасы мен орталығы. Қайда өнер көрсетсе де, ду қол шапалақ, ұзақ уақыт бойы сахнадан жібермеген көрермен және өнерсүйер қауымның тамсанғандықтан төгілген көз жасы. Көпке бас ие қоймайтын талғамы жоғары еуропалықтарды жас «Астана мюзикл» театры осылай таңқалдырды. Өнерпаздар шетелде қазақтың мәдени жауқары - «Қыз Жібек» этно-фольклорлық спектаклін Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» аясында ұсынды.
«Еуропаны бағындыруымыздың басты себебі - Ұлы дала өнерінің баурап алатын қасиетінде жатыр. «Астана мюзикл» театрынан бөлек, бізбен бірге шетелдік көрерменге «Астана сазы» фольклорлық ансаблін де апардық. Олар мюзиклге музыкалық сүйемел болды. Ондағылар тағы «осындай да өнер бар екен ғой» деп, аң - таң болды», - деді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйым директорының орынбасары Анна КҮЗЕМБАЕВА.
Бұл бастама «Астана мюзикл» театры үшін жаңа белес, тарих. Айтпақшы, бұндай ұжым Орталық Азияда жоқ. Және өнерпаздар отанымыздың мәдениет саласын заманауи түрде өзгелерге ерекше жеткізіп келеді. Сондықтан мемлекет те оған қолғабыс етуге ниетті. Былайша айтсақ, тың ой мен ірі іске әрқашан жол ашық!
Еуропаның бес қаласында өнер көрсеткен «Астана мюзикл» театры шетелдік өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. Жас ұжымның бұл белесті бағындыруы, дәл осындай күнделікті дайындықтың жемісі. Кеше ғана өнер ордасынан түлеп ұшқан жас толқын қазақ өнерін, мюзиклінің болашағын жарқын етеміз дейді.
«Біздің талабымыз, режиссердің қойған талабы - қазақы нақыштағы этно-фольклорлық, яғни ансамбльмен жанды дауыста мюзикл болғаннан кейін, өзіндік деңгейде, өзіміздің қойған мақсатты атқардық деген есептеміз. Өйткені, көрермендер жақсы қабылдады, ең бастысы. Көзіне жас алған көрермендер болды», - деді театр әртісі Саламат МҰҚАШЕВ.
«Астана мюзикл» театры осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған. Бірақ жастығына қарамастан, актерлар қауымы ауыр - ауыр қойылымдарды ойнап, маңызды рөлдерді сомдағысы келеді. Осындай батылдық пен шығармашылыққа деген ілтипат шеберлігімізді арттырып, биік шыңдарды бағындыруға жетелейді, дейді.
«Бұл театрдың ең қалаушы актерлары - жас труппа. Өнер академиясын бітірген 20-25 аралығындағы жас актерлар мен актрисалар. Бұл театрдың болашағы әлі алда деп ойлаймын. Ең алынбаған белестер биік-биік шыңдар әлі алда», - деді театр әртісі Азат МЫҢБАЙ.
Келер жыл шығармашылық топ қайтадан өзге елдің назарын жауламақшы. Ал оған дейін елдің түкпір-түкпіріне гастролдік сапар жасайды. Алыс-алыс ауыл мен шалғайдағы елді-мекенді саф өнермен сусындатуға қашанда дайын. Демек, рухани жаңғырудың негізгі алғы шартты осы болмақ.
Нұржан Сәдірбай, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеканалы Астана