Астананың темір жол вокзалы жолаушыларды сыйғыза алмай әлек

Астананың темір жол вокзалы жолаушыларды сыйғыза алмай әлек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астананың темір жол  вокзалы  лық толған жолаушыларды сыйғыза алмай әлек. Адамдар кептелісінен аяқ алып жүре алмайсың. Бәріне себеп - кеше кешке Ақмола облысы, Аршалы ауданы Бабатай станциясында жүк пойызы мен электровоздың соқтығысуы.  Жүк тасымалдау пойызының вагондары ағытылып кетіп, қарсы жолда тұрған электровозға  барып оңбай ұрынған.  Салдарынан 10 шақты вагон жолдан шығып кеткен.

Бұл кешегі Ақмола облысы, Аршалы ауданы,  Бабатай станциясындағы жағдай. Күні кеше 17-ден 15 минут кеткенде жүк пойызы мен электровоз соғысқан. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Түнімен мамандар жол тазартумен айналысқан.   Салдарынан қозғалыс  тежеліп, пойыздар кестеден кешігуде. Осы бағытпен келе жатқан жолаушылар да бес сағаттап діттеген жеріне жете алмауда.

«Пойызға мінуге ниетім бар еді. Пойыздар кешігіп жатыр. Халық көп мына мерекені алдында. Естуімше, мына Осакаровка жағында пойызда бір бөгет болып, содан бірнеше пойыз 2, 3,4 сағатқа кешігіп жатыр. Сол кішкене бізге кішкене қиындық жасап тұр», - деді Астана қаласының тұрғыны Құрал КЕНЖЕБАЕВ.

Астананың  вокзалындағы жағдайға қарасаң, құдды қала көшіп бара жатқандай әсер аласың.  Ине шаншар орын  жоқ. Балалы аналар да, ақсақалды қариялар да тікесінен тік тұрып пойыздарын күтуде. Кейбіреулері   нақты жағдайдан бейхабармыз, кезекші мамандар да құлаққағыс етуге құлықсы дейді.

«Таңертең келдік Қарағандының пойызына. 11:30-да жүруі керек еді. Бір сағатқа кешіктіріп қойды. Вокзалда. Содан бүкіл  халық күтіп тұрды. Сонымен барлығымыз топырлап түске дейін тұрдық. Содан қызметкерлер де ешқандай ақпарат айтқан жоқ», - деді жолаушы  Ернар ЗЕЙНУЛЛИН.

Кешеден бері  бас-аяғы 12 жолаушылар пойызы бөгелген. Бұл «Қазақстан темір жолы» таратып отырған ресми ақпар.  Белгіленген пунктке жеткен соң кешіккен пойыз жолаушылары заңға сәйкес өтемақы төленеді. Барынша егжей-тегжейлі ақпарат жұрт 105 бірыңғай анықтама  қызметінен ала алады.  

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров