Азат Перуашев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының іс-әрекетін сынады. Депутат азаматтардың зейнетақыларын айдалаға оңды-солды шашу деп атады. Мәжіліс қабырғасында «Ақ жол» партиясының төрағасы өз шағымын осылай жеткізді. Халық қалаулысының ойынша, Әзірбайжан банкіне қор қаражатын инвестициялаған адамдарды жауапкершілікке тарту керек. «Ақ жол» партиясына сарапшы Рахым Ошақбаев жүгініпті. Ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатына Әзірбайжан Халықаралық банкінің облигацияларын себепсіз алғанын анықтаған. Сомасы 78 миллиард теңге.
«Неліктен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қарама-қарсы шешім қабылдайды? Әлде бұл осы қор басшылығының сауатсыздыздығы ма? Оның үстіне БЖЗҚ жүздеген миллиард қаражатты құнды қағаздарда сақтап, болашағы күмәнді банктерде депозитте ұстап келеді. Қалай десек те, қор отандық банк жүйесі нақтылап берген активтерін осындай қаржы институттарында сақтауда», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.
Еске салайық, шілде айынан бастап зейнетақы мен балаға төленетін жәрдемақы көбейеді. Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында тағы айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақы көлемі үш кезеңмен өсетінін мәлімдеді. Бастапқы зейнетақы қайта есептеледі. Ал зейнеткерлерден қосымша құжаттар талап етілмейді. Айта кетейік, заң жобасы бойынша, бастапқы зейнетақы көлемін 50 пайыздан 54 пайызға көбейту көзделген. Яғни, еңбек өтілі жоғары және зейнетақы жарнасын сәйкесінше салып отырған азаматтардың да зейнетақысы көп болады. Аталмыш заң жобасын жүзеге асыруға шамамен 90 миллиард теңге қарастырылған.
«Біріңші кезеңде, яғни, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Ал екінші кезеңде 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері қосымша 11 пайызға, ал базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға көбейтілгелі отыр. Нәтижесінде 2017 жыл 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшерлерін 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға арттыру қамтамасыз етіледі. Яғни, ең төменгі зейнетақы 45711 теңгеге дейін, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін арттырылатын болады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА.