Банк салымшылары «Ақ жол» демократиялық партиясынан көмек сұрады. Азаматтарды қабылдаған «Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашев кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға атсалысатынын айтты.
Естеріңізге салсақ, Ұлттық банктің шешімімен бірнеше қаржы мекемесінің лицензиясы алынып, жұмысы тоқтатылған болатын. Оған банктердің салымшылар алдындағы төленетін қарызы 230 миллион теңгеден асып жығылуы себеп болған. Ал, жалпы кәсіпкерлерге банк тарапынан берешек қаржы 20 миллиард теңгені құрады. Бұл ақпаратты 2016 жылдың соңында Ұлттық банк мәлімдеген. Енді «Қазинвестбанктің» активтері өзге екінші деңгейлі банкке өткізілуі мүмкін. Сондай-ақ еліміздің бас қаржы институтында банктің жұмыс тоқтатуы туралы сот шешімі шыққан соң, салымшыларға тиісті қаржыны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры төлейтіні түсіндірілді. «Қазинвестбанкте» 8 мың жеке тұлғаға тиесілі салымы бар, оның әрқайсысы 10 миллион теңге көлемінде қаржы ала алады. Қордың салымшыларға төленетін жалпы көлемі 500 миллиард теңгені құрап отыр.
«Біріншіден, Ұлттық банктің жасағандары заңға қайшы емес. Оны бәріміз біліп отырмыз. Мен өзім қойылған сұрақтарға депутат ретінде хатымды дайындап қойдым. Ұлттық банктің басшыларынан осы кісілерменен тікелей кездесуді сұраймын. Өзім де оған қатысамын, болмаса фракциямыздың депутатын жібереміз және біздің осы кәсіпкерлеріміздің құқығын қорғауға біз дайынбыз», - деді «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ.
Мәжіліс депутаты 10 адамды қабылдап, 3 өтінішті қарастырды. «Қазинвестбанктің» салымшыларына ерекше назар аударып, сауалдарға кеңінен жауап берді.