|
29.08.2018 | 18:50
7019

Бауыржан Байбек Алматы көшелерін жөндеу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды

Бауыржан Байбек Алматы көшелерін жөндеу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды

Алматы әкімі қаланың жүргінші және көлік инфрақұрылымына қатысты құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания басшыларына шаруаны жылдам жасауды тапсырды. Жұмыс сапары кезінде мегаполис басшысы Абай алаңын қайта жаңғырту мен Тимирязев көшесіндегі BRT желісін салып жатқан мердігерлік ұйымдардың жұмыс қарқынының төмендігі мен сапасыздығын атап көрсетті. Әкім қала құрылысы басқармасына Республика Сарайының алдындағы Абай алаңында төселіп жатқан кеспе тастарды сапалы түрде төсеп, аяқтауға он күн уақыт берді.  

«Қазіргі кезде қаланың тек тарихи орталығын реконструкциялау үшін 3 мыңға жуық жұмыс орын құрылды, барынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Әрине, уақыт барынша тығыз, дегенмен6 Республика сарайы алдына төселгендей сапасыз жұмыстың қажеті жоқ. Барлығын қайта төсеңдер», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.  

Бұған дейін сапасыз жұмыс үшін бірнеше мердігерлерге айыппұл салынған еді. Ал Республика сарайының алдына жұмыс жүргізген "ТРИА ХОЛДИНГ" компаниясының директоры  Михаил Чикаев, жұмыстың сапасыздығын асыққандықтан деп ақталды.  

Қала даңғылдарын реконструкциялау кезінде жүргінші аймағын кеңейту, көлеңкелі кеңістікті қалыптастыру үшін жасыл желек отырғызу, жаңа субұрқақтар салу қарастырылған. Бұдан бөлек6 қалада жарық діңгектері, суару жүйесі де  ауыстырылып, көшелер жаңартылуда. Қала жетекшісі мердігерлік ұйымдардың басшыларына жасап жатқан жұмыстары үшін екі жыл кепілдік беретіндерін еске салды. Мәселен, өткен жылы Жібек жолы көшесінде жаңғырту жұмыстарын жүргізген «Атрикс-Строй» ЖШС өз қаржысы есебінен жіберілген кемшіліктерді  қалпына қайта келтіріп жатыр. Жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек  Тимирязев көшесіндегі BRT желісінің құрылыс қарқынын тексеріп, «Дәулет Дорстрой» мердігерлік ұйымының жұмысын қатаң сынға алды.  

«Қаржы дер кезінде бөлінді, соған қарамастан жұмыс кестеден қалыс қалуда. Жұмыс ауқымы үлкен, оны игере алмай келесіңдер. Тек біздің күн сайынғы тексеруіміз бен қоғамның сынынан кейін ғана қосымша күш тартылып отыр. Бірінші қыркүйекке дейін қозғалыс бөлігі ашылуы тиіс», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.  

BRT алғашқы фазасы бағытының ұзындығы 9 шақырымға жуықтайды. Мұстафин – Сүлейменов – Жандосов – Тимирязев көшелерінен Желтоқсан көшесіне дейін барады. Мұстафин, Рысқұлбеков және Сүлейменов көшелеріндегі учаскелерді жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир