Ата Заңымыз қабылданған қасиетті күн, яғни Конституция күні Алматы қаласында аталып өтті. Бүгін Республика сарайында болған салтанатты жиынның шымылдығын қала әкімі Бауыржан Байбек ашып берді. Ол Ата Заңның бүгінгі күн мен болашақ үшін қабылданғанын және жылдан жылға ел азаматтарының құқықтық мәдениетін жоғарылату жолында іргелі жұмыстар атқарылып келе жатқанын баса айтты.
Құқықтық, заңдылық мәселелерін ғаламтор арқылы шешу де ойдағыдай жүзеге асырылуда. Ол үшін арнайы «Электрондық үкімет» порталы құрылғаны баршаға аян. Бауыржан Байбек Алматы қаласын тұрғындарға барынша жайлы шаһар ету үшін жасалып жатқан шараларға тоқталып өтті.
«Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылына бөлінген гранттар саны 17 пайызға өсіп, 22 мыңды құрады. Яғни, республика көлеміндегі грант санының 30 пайызы Алматы қаласының жоғары оқу орындарына берілген. Қазіргі қолданылып жүрген Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданғанын айта кету керек. Оған дейін яғни, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 1993 жылдың 28 қаңтарында өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Заңнамаға сәйкес, 30 тамыз Конституция күні – демалыс күні екені белгілі. Биыл мереке бейсенбіге түсіп тұрғандықтан, Үкімет қаулысымен, 25 тамыздағы демалыс күні 31 тамызға ауыстырылды. Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 30 тамыздан 2 қыркүйекке дейін 4 күн демалады.