Байқоңырда экологиялық отын пайдаланатын жаңа типтегі зымыран тасығыштар пайда болады. Кремльде кездескен Қазақстан мен Ресей елінің басшылары осы мәселені талқыға салды. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдерінің бейресми кездесуіне шақырғаны үшін Владимир Путинге алғысын білдірді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны дамыту және достастықтың халықаралық беделін нығайту үшін атқарған жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ал Ресей Президенті екі ел арасындағы серіктестіктің жетістігіне тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевқа сандық технологияны дамыту бойынша Қазақстанда білікті мамандардың кездесуін өткізу бастамасын қолдайтынын жеткізді. Мемлекеттер басшылары энергетика, ғарышты игеру мен дамыту мәселесін де сөз етті - деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Айта кетейік, күні кеше Мәскеуде ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуі өтті. Осы ұйымға өтіп бара жатқан жылы Ресей төрағалық еткен болатын.