Биыл оңтүстік өңірге жіті мән беріледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысында аймақтағы қордаланған мәселелерге ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Нақтырақ айтсақ, ондағы инфрақұрылымды жетілдіру қажет, жаңа мектептер салып, апаттық жағдайда тұрған оқу орындарына күрделі жөндеу жүргізу керек екен. Одан бөлек, экстремизмге қарсы іс-қимылдарды үдеткен жөн. Келелі кеңес кезінде 2020 жылға арналған ұлттық стратегияны дамыту мәселесі де тілге тиек етілді.
«Былтыр біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бағдарламалық құжат қабылдадық. Ұлттық қауіпсіздік қорғаныс немесе ішкі саясатта ғана емес, сонымен қатар, экономика, өскелең ұрпаққа тәрбие беру және басқа да барлық салаларда қамтамасыз етілуге тиіс», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.