Алматы облысында денесінің жартысын күйік шалған балаға ота жасалып, жағдайы жақсарып келеді. Алайда, дәрігерлер Николай Классенге шетелде бірнеше операция жасалу керектігін айтады. Ал оның анасы бала асырау құқығынан айырылған. Қазір 7 жасар жеткіншек жекеменшік балалар үйінде тәрбие алып жатыр.
Николай Классен Алматы облысындағы жекеменшік балалар үйіне келгеніне 1 айдан асыпты. Алғашында балаларға дөрекі сөйлеп, кішкентай бүлдіршіндерден ойыншықтарын тартып алатын, дейді логопед. Кейін уақыт өте келе мейірімділік пен кішіге деген құрметті бойына сіңіре бастаған. Логопед маманның сөзінше, Николай өте зерек және мінезі ашық. Қазір балалар үйінің мамандары оның ой-өрісін дамытып жатырмыз, дейді.
«Николай бізге жақында ғана келді. Оған көп зат үйретілмей қалған. Қазір біз миын дамытып жатырмыз. Мәселен, жеміс-жидектерді көрсетсең, жегендерін таниды, дәмін татпағандарының атын білмейді. Бірақ Николай барлығын білгісі келеді, ұстап, көргісі келеді. Ынтасы зор. Кезінде тек анасы мұнымен жұмыс жасамаған. Жаңа заттарды тезірек білгісі келеді», - деді логопед Марина САДЫҚОВА.
Николайға жаңа жылдың алдында Астанада ота жасалды. Бұған дейін ол қолын аша алмай, қаламды саусақтарымен қыса алмайтын еді. Ал қазір басқа балалар секілді ойнап жүр. Мектепке дейінгі дамыту орталығына барады. Психологтар Николайдың ақыл-есі жақсы дамып келеді, дейді. Осыған дейін үйренбеген заттарын білуге асығады.
«Николай алғаш келгенде балалар оған қырын қарай ма деп ойладым. Алайда, біздің бүлдіршіндер жарады. Оны жатсынбай, бірден араласып кетті. Қазір Николай біздің отбасымыздың мүшесі. Ол өте көңілді бала. Адамдармен әңгімелескенді жаны сүйеді. Мультфильм көргенді ұнатады. Екі жыл бұрын болған жан түршігерлік оқиға Николайдың мінезін бұзбаған. Бұл өте маңызды», - деді Алматы облысындағы балалар үйінің директоры Марина СУГАКОВА.
Бұл жекеменшік балалар үйінде 50-ге жуық тәлімгер бар. Елуінің де тағдыры әр түрлі. Кейбірі мүгедек болса, енді біреуінің ата-анасы бас тартқан. Ал Николай Классеннің анасы Надежда Классен ішікдікке салынып, баласына қарай алмаған сот ата-ана құқығынан айыру туралы үкім шығарған.
«Ата-аналық құқығынан айыруға Қарасай аудандық сотына шағым түсірілген болатын. Сол шағым біздің құпталып, ата-аналық құқығынан айырылды. Ата-аналық құқығынан айыру соттың шешімі 12 наурыз күні күшіне енеді», - деді Алматы облысы Талғар аудандық білім бөлімінің бас маманы Анар АБЕУОВА.
Николай Классен ақпанның 24-і Сеулге аттанып, оған кезекті ота жасалады. Жалпы, Николайға бір емес бірнеше операция жасау үшін 180 мың доллар қаржы керек екен. 7 жасар жеткіншектің еміне қаражатты қалталы азаматтар мен түрлі қайырымдылық қорлары беріп жатыр.
Өмір Әнуарбек,Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы