Бостандық ауданына қарайтын көпқабатты үйлердің бірінде бүрге қаптай бастады

Бостандық ауданына қарайтын көпқабатты үйлердің бірінде бүрге қаптай бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бостандық ауданына қарайтын көпқабатты үйлердің бірінде бүрге қаптай бастады. Жәндікке таланған тұрғындар, саябақ пен тұрғын үйге тиісті түрде тазарту жұмыстары жүргізілмейді деп шағымдануда. Сөздерінше, бүргелер маңайдағы ит-мысықтан тарайды. Иелері салғырттық танытып, тазалыққа бей-жай қарайды екен. Аулада да тазалық атымен жоқ. Кіре-беріске 10 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Қаланың қақ ортасындағы бұл сұмдыққа әріптесім Назкен Байтілес куә болды. Ол дәл қазір бар көргенін айтып бермек. Назкен, элиталы ауданда тұратын тұрғындардың мұндай күй кешіп жатқаны - сұмдық әрине. Тазалыққа кім жауапты сонда?

Біз барған саябақ - серуендейтін жер емес. Төңірек күл-қоқысқа қақалып тұр. Осының кесірнен, көңірсіген иіс маңайға жайылған. Тұрғындар осыны айтып, бізге хабарласқан еді. Салақтықтан тіпті, ондағы үйлерде бүрге қаптаған. Шыбын-шіркей қарттардың мазасын алып тынған. Енді, лас жерге жәндіктердің үймелейтіні түсінікті ғой. Біз тазалыққа жауапты пәтер иелері кооперативі басшыларын сөзге тартқанбыз. Олар тазалық шарасы жылда жүргізіледі деп, міз баққан жоқ.

Балалар ойын алаңына зәру. Тұрғын үйдің өзі шатқаяқтап тұр. Одан кейін, заңсыз шлагбаум тұрғызылған. Бұл басыздықты осы кадрлерден аңғаруға болады. Бірақ, аудан әкімдігі жүгенсіздікті жуырда қалыпқа келтіреміз деп сендірді.

Мұндағы саябақтың сиқы осы. Шарбақтары шіріген, шабылмаған шөптері белге келеді. Ал, тасталған қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Жағымсыз иіс маңайға тегіс жайылып, жұртты тұмшалатқан.                        

Тұрғындардың сөзінше, бұл аллея осыдан үш жыл бұрын ардагерлердің құрметіне арналып салынған. Содан бері қараусыз қалып, жаз айларында шөптен көз ашпайтын көрінеді. Әсіресе бұл жер асыранды иттердің серуендер жеріне айналған.

«Мынаны торжественно осы аллея қылып қалды. Рахмет мына дорожкаларды істегеніне, бұрын дорожка деген жоқ тұғын. Бірақ мынаның шөбін алып тұруға болады ғой. Мынау не енді бұл аллеяға да ұқсамайды. Мына подвалдарымыз да ешқандай обработка, ешқандай СЭС келіп, обработка істемейді. Ішінде мысық та, иттер де жүреді, содан кейін олар өледі, одан кейін қандай иіс болады. Соның бәрі бізді шаршатты. КСКға айт, айтпа ешқандай нәтиже шықпайды",- қала тұрғыны, Гүлнәр ДӘУІТБАЕВА 

Бәрінен шаршадық деген Орбита-2 ықшам ауданы тұрғындарының үйлерінде енді бүрге қаптай бастапты. Айтуларынша, зиянкестер үйдің жертөлесінен ішке еніп жатқан көрінеді. Жұрт бүргелердің көбеюін ит-мысық асырайтын азаматтардың салақтығы дейді. Олар, тазалыққа енжар екен.

«Енді подвалымызда блохи дейді гой бүрге бізге кіріп жатыр. Түнде ұйықтай алмаймыз. Соған енді КСК-ға айтып, амал қолданса деп едік, оған енді олардан ешкім келіп жатқан жоқ. Айналаның барлығы ит, мысық жайлап кеткен. Өзіміз айтамыз ит ұстап жүргендерге, ең болмаса, қолдарыңа салафан алып жинап жүрсеңдерші десек, олар бізбен ұрысады»,- деді Қала тұрғыны, ТІЛЕУЛІ СҮЛЕЙМЕНОВА.

Десе де, тұрғын үйге жауапты кооператив басшылары жыл сайын барлық аула жоспарлы түрде тазартылып тұратынын айтады. «Жалын» ұйымына қазір 25-тей үй қарайды. Тек елдің берекесін алған мына аллеяға тротуар салғалы бері қарамапты.

"Жертөлелерге санитарлық дезинфекциялық жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Биыл бүргелер мен шіркейлерден тазарту шаралары 3 мамырда жасалған. Енді сейсенбі күні бүргеге қарсы дератизацияға тағы тапсырыс түскен. Бұл жерді түстен кейін тазартамыз. Біз бұрын ауланы тротуар салғанға дейін тазалайтын едік, енді қазір аула талазаушылар келіп, бәрін ретке келтіреді және әрі қарай да бұл жерді назарда ұстайтын боламыз",- деді «Жалын» ПИК төрағасының орынбасары, Людмила КАЙГОРОДОВА. 

Нөмірі 16-шы үйдің подъездері мен есік алды да көз қуантпайды. ПИК өкілдері былтыр осы үйде орналасқан екі подъездің тек біреуіне ғана жаңа терезелер орнатыпты. Оның өзінде, жартылай қаржысын тұрғындар өз қалтасынан шығарған екен. Жалпы, тұрғын үйге соңғы рет жөндеу жұмыстары 2011 жылы жүргізілген. Ал Бостандық ауданының әкімдігі бұл бейберекеттерге міндетті түрде шара қолданамыз деп сендірді.

«Аула арасындағы аула аралық жер участкесінде сол аллеяның шөбін шауып санитарлық тазалығы ПИК төрағаларының тікелей міндетінде. Оларға сол жерлер бекітіліп берілген. Қазіргі уақытта санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар экологиялық полиция бөлімшесімен соларға шаралар қолданылады»,- деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары, Серік ӘДІЛБАЕВ.

Атқамінерлердің сөзінше, қазір осы сияқты 40 ауланы жаңартудың сметалық құжаты дайындалып жатыр. Сол тізімге осы № 16, 17-ші үйлердің ауласы да еніпті. Ал бұл аймаққа жауапты «Жалын» пәтер иелері кооперативіне көріктендіру жұмыстарын сақтамағандығы үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров