|
12.12.2016 | 11:33
2492

Наурызбай ауданындағы ауқаттылар тұратын аудан ауыз сусыз қалды

Наурызбай ауданындағы ауқаттылар тұратын аудан ауыз сусыз қалды

Наурызбай ауданындағы ауқаттылар тұратын аудан ауыз сусыз қалды. Коттедж қалашықтар орналасқан «Құрамыс» шағын ауданына келетін судың тоқтағанына он күн болған. Жұрттың судан жұрдай болуына -  Қарғалы өзені арқылы келетін бірнеше шақырымдық құбырдың ішіне құм мен қоқыс толып, судың жүрмей қалуы себеп. Ал мамандар қаладан Іле Алатауына дейін баратын құбырдың қай жері бітелгенін таппай әлек. Тақырыпты тілшіміз тарқатсын.


Думан Бақасаровты осы ауданның баладан кәрісіне дейін танып алған. Машинасын бақыртып жететін Думанның келісімен кілең коттеджде тұратын тұрғындар ыдыстарын даңғырлатып далаға шығады. Су тасығыш көліктің үш жағынан  тұра қалып барынша мол су алып қалуға тырысады.


Кілең ауқаттылар тұратын «Құрамыс» шағын ауданына судың келмегеніне 10 күн болған. Қар еріп, жаңбырдың мол жаууы Іле Алатауынан бастау алатын Қарғалы өзен суының лайлануына әкелген. Ал осы өзен арқылы халыққа жеткізілетін ұзындығы сегіз шақырымға жуық құбырда бітеліп қалған. Алматы су холдингінің жұмысшылары тауға дейін тартылған құбырдың  қай жері бітеліп қалғанын таппай әлек. 


«Су құбырын тазарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін 1200 метр құбырды тазарттық. Ол жұмыстар әліде жалғасуда. Құбыр толық тазаланғанда суды береміз және де осы уақытқа дейін елді біз су тасығыш көлікпен қамтып келеміз»,- деді «Алматы су холдингі» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы, Ақбота ЖЫЛЫСОВА.


Бұрын Алматы облысына қараған аумақтың қаланың қарамағына  өткеніне екі жыл болған. Жарты ғасырдай болған таудағы су тазартқыш стансада әбден ескіріп, өзеннен құбыр арқылы қалаға кететін суды таза қалпында жеткізуге қауқары жетпей қалған. 


«Наурызбай ауданының әкімшілігі Алматы қаласы энергетика басқармасымен бірлесіп сметалық жобалар жасауда. Ол ауданымыздағы Ақсай және Қарғалы өзендерінен тартылып, таза сүзгіден өтіп, бүгінгі күні берілетін суданың көлемінен үш есеге дейін артпақ. Ауданымызды толық сумен қамтуға болады. Сүзгі стансалары түсетін жерді Алматы қаласы жер басқармасымен бірге қаланың меншігіне өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,-деді  Алматы қаласы, Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі, Өркен  ҚОДАРОВ.


Қарғалы және Ақсай өзендерінің басына салынатын су тазартқыш станса  құрылысының кешігуіне  аумақтың Іле Алатауы қорығына қарауыда себеп болған. Осының бәрі реттеліп, қаржы  мезгілінде бөлінсе алдағы екі жылдың ішінде құрылыс аяқталмақ. Ол кезде әр станса  тәулігіне 15 мың текше метр сумен  Қарғалы, Қарағайлы, Құрамыс, Таугүл ықшам аудандары толыққанды ауыз сумен қамтылмақ.


Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы 




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир