Астана әуежайында өртенген ұшақ қозғалтқышы сараптамаға жіберілді

17.09.2018 22:41

Астана әуежайында «Эйрбас-320» ұшағының сол жақ қозғалтқышы неліктен түтіндеп, өртенгенін арнайы комиссия анықтауда.

Еске салсақ, 15 қыркүйекте «Эйр Астана» компаниясының Атыраудан Астанаға ұшып келген ұшағы әуежай тұрағына бет алған сәтте түтіндеп, от шыққан. Бұл уақытта борттағы 91 жолаушы түсіп үлгермеген болатын.

Оқыс оқиға кезінде жолаушылар неліктен жедел түсірілмеген? Бұл сұраққа енді тиісті қызметтер жауап береді. Өрт сөндірушілердің жолаушыларды ескерместен, отпен күрескенін жолаушылар да растап отыр. Ал құтқарушылар бұл шешімді өрттің тез сөнгенімен түсіндіріп отыр. Десе де, ереже сақталмаған дейді тексеруші органдар. Оқиғаның мән-жайын Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасы анықтайды.  

«91 жолаушыны траппен штаттық режимде шығарғанбыз. Зардап шеккендер жоқ. Қазір ақауды анықтау және кейінгі жөндеуге жөнелту мақсатында ұшақ қозғалтқышы сараптамаға жіберілді», – деді «Эйр Астана» компаниясының Қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Тілек ӘБДІРАХИМОВ.