Арнайы прокурор жасөспірімге қатысты істі өндірісіне қабылдады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайы.
«Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша арнайы прокурор Оңтүстік Қазақстан облысының кішкентай тұрғынына қатысты зорлық әрекеттері туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді өз өндірісіне қабылдады. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын сақтау және орын алған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдануда», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, процестің барлық қатысушыларының өтінішхаттары негізінде кешенді сот-медициналық сараптамаға кәсіби мамандар жұмылдырылатын болады.
«Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Істің фигуранттары жасөспірім болғандықтан, Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылыққа деген құқықтарын сақтау қажеттігін ескертеміз. Жеке өмір туралы мәліметтерді көпшілік алдында, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарын қолдану арқылы жария еткен үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - делінген хабарламада.
Тергеу нәтижесі туралы ақпарат жасөспірімдердің құқығы мен заңды мүдделерін ескере келе, қоғам назарына тиісті көлемде жеткізіледі.