Жаһан жұртының жарлы жартысының жиған тергені 8 миллиардердің қорымен тең

Жаһан жұртының жарлы жартысының жиған тергені 8 миллиардердің қорымен тең
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаһан жұртының жарлы жартысының жиған тергені 8 миллиардердің қорымен тең. Мұндай ақпаратты халықаралық ОКСФАМ қайырымдылық ұйымы жария етті. Зерттеушілердің пікірінше, бай мен кедейдің арасы тым алшақ болып барады.

«Әлемде қатты өзгерген экономикалық жүйе бар. Ол дегеніміз пайдаға тек 1 пайыз жұрт қол жеткізеді. Яғни, экономикалық жүйе 99 пайыз емес, 1 пайыз адам табысқа кенелуін қадағалайды. Сондықтан бай мен кедей арасында осындай айырмашылық туады», - деді OXFAM ұйымының қызметкері Мэтью СПЕНСЕР.

Оксфамның өткен жылғы есебінде дәл осы көрсеткіш 62 миллиардердің қоры жаһан жұртының жарлы жартысының жиған-тергеніне тең болды. Ұйым өкілдері қазіргі жүйе әлем елдерінің саясатына әсер етеді деп есептейді. Олар мысал ретінде Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы мен АҚШ сайлауында Трапмтың жеңіске жеткенін тілге тиек етеді.

«Менің ойымша саясаттағы өзгерістердің тепе-теңдіктің болмауынан орын алғанын дәлелдейтін дәйек жетіп артылады. Халықтың көңіл күйі болмағандықтан, елі қанша жетістікке жетіп жатса да, қуанары күмән туғызады», - деді OXFAM ұйымының қызметкері Мэтью СПЕНСЕР.

Мамандардың сөзінше, бұл мәселені тек миллиардерлердің адалдығы арқасында шешуге болады. Себебі, қалталы азаматтар табысын тығып, офшорға шығарып жатады. Үлкен бизнес иесі салықты өзінің қызметкерінен аз төлейді. Егер де, байлар қалтасын қампитқанды қойып, салықты саналы түрде төлеп отырса, онда экономика өздігінен қалған өзге адамдарға бағытын өзгертеді. Яғни, кедей мен байдың арасы сондай алшақ болмайды. OXFAM ұйымы аталмыш баяндаманы Давос қаласында өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум қарсаңында жариялады.


Новости партнеров