Алматыда алтын белгі иегерлеріне қала әкімі Бауыржан Байбек төс белгілерін табыстады

Алматыда алтын белгі иегерлеріне қала әкімі Бауыржан Байбек төс белгілерін табыстады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мектеп бітірген 9030 түлектің 518-і алтын белгі иегері. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін "Жас түлек-2018" фестиваліне қатысқан" қала әкімі Бауыржан Байбек Алтын белгі иегерлеріне төс белгілерін табыстады. Қала басшысы жастарға сәттілік тілеп, елдің дамуына үлес қосатындарына сенім білдірді.

Қымбат көйлек, сәнді шаш үлгісі. Оқушылар емес құдды бір Голливудтың әртістері дерсіз. Бүгін Алматы мектептерін үздік бітірген түлектердің басы бір жерде тоғысты. Алтын алу атақ емес, бұл он бір жылғы еңбектерінің жемісі. Қала басшысы Бауыржан Байбек алтын белгі иегерлеріне төс белгілерін табыстады.

«Мына алмағайып заманда тек білімді, елдің болашағын ойлайтын азамат қана биік белестерді бағындыра алады. Креативті жастар біздің болашағымыздың тірегі дегенді Елбасы әркез айтып келеді. Олай болса құрметті түлектер, алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңмен, жоғары көрсеткіштемен қуанта беріңдер. Сендер болашақта еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенеміз»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қала әкімі жас түлектердің болашақ қадамдарына сәттілік тілей отырып, биылғы жылы шаһардың барлық мектептері физика, химия, биология кабинеттерімен және лингафонды-мультимедиялық жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Алтын белгі иегерлері ата-ана үмітін, ұстаздардың еңбегі мен жүктелген сенімді ақтаймыз деп уәде берді.

«Бүгін мен үшін қуанышты күн. Қала басшысының қолынан 11 жылғы еңбегіміздің жемісі Алтын белгімізді алдық. Ендігі арманым  журналистика факультетіне ЖОО -на түсу және де еліміздің өркендеуіне үлес қосу»,-деді алтын белгі иегері Мөлдір БАЛБАЕВА.

«Маған  сенген жақындарымның үмітім ақтаған өте керемет сезім екен. Ең өмірімдегі керемет күндердің бірі деп есептеймін. Ендігі арманым мемлекетіме өз үлесімді қосу. Нанотехнология жағынан қазір 20 мың грант бөлінді соның бір иегері атану»,-деді алтын белгі иегері Аруна МАҒЗЫМБАЕВА

Айта кетейін, Алматы оқушылары 13 жыл қатарынан Республикалық олимпиадада командалық есепте бірінші орыннан көрінуде. Биыл жаратылыстану,математикалық бағытта алғаш рет өткен республикалық жасөспірімдер олимпиадасында да қала командасы бірінші бас жүлдені жеңіп алған. Бүгінгі фестивальде түлектер соңғы рет мектеп бітірушілер вальсін биледі.

«Бүгін міне қызым Алтын белгі алып жатыр. Керемет мейрам болып жатыр. Мен сенімдімін біздің ұлдарымыз, қыздарымыз өзінің Отанының беделді , мейірбанды азаматтары болады деп. Өзімнің қызым архитектор боламын деп мақсат қойып отыр»,-деді Ақнұр ҚҰЛНАЗАРОВА.  

«Ендігі алда тұрға мақсат - маусым айының 20-25 аралығында ҰБТ өтеді Алматы қаласының түлектері үшін. ҰБТ Алматы қаласында 8 ЖОО -ның базасында өтеді. 9030 түлектің бүгінгі күні 8200 бала ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Біздің бітірушілерге сәттілік тілейміз»,-деді Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

Тоғжан Аман, Рашид Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы.


Новости партнеров